«Астананың» Чемпиондар лигасындағы қарсыласы жайлы не білеміз?

«Астананың» Чемпиондар лигасындағы қарсыласы жайлы не білеміз?

Елордалық «Астана» Чемпиондар Лигасының екінші іріктеу кезеңінде латвиялық «Спартакпен» жолдама үшін таласпақ. Балтық теңізінің жағасында орналасқан Юрмала қаласының намысын қорғайтын ұжым жайлы не білеміз?

 

Тарих

«Спартак» командасы осыдан тура он жыл бұрын құрылған. Юрмала қаласындағы 2500 көрерменге арналған «Слока» стадионында өнер көрсетеді. Алғашқы маусымында деңгейі жағынын үшінші Лигада қарсылас шақ келтірмей, бірінші дивизионға жолдама алды. Бірінші Лигада төрт жыл сәтсіз өнер көрсеткеннен соң, 2011 жылы маусымды үздік үштікте тәмәмдап, жоғарғы дивизионға аяқ басады. 10 команда бақ сынайтын Латвия Жоғарғы Лигасындағы алғашқы жүлдесіне 2013 жылы қол жеткізеді. 2015/16 жылы ел Кубогының финалына шығып, «Елгава» командасына есе жіберді. Дегенмен бір жылдан соң Латвия чемпионатын жеңіп алды.

 

Еуропаға жорық

«Ақ-қызылдар» Еуропа лигасының іріктеу кезеңіне екі мәрте қатысқан. Бірінші жолы екінші іріктеу кезеңіне жетсе, келер жылы бұл жетістігін қайталай алған жоқ. 2015/16 жылғы маусымда черногориялық «Будучность Подгорица» командасын түзде 3:1 есебімен жеңсе, екінші айналымда сербиялық «Воеводинаға» жалпы 4:1 есебімен ұтылып қалады. 2016/17 жылы Еуропа лигасына іріктеудің бірінші кезеңінде Беларусьтің «Динамосына» жеңіліп, келесі айналымға шыға алмады. Ал Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіне алғашқы мәрте қатысқалы тұр.

 

Таныстық

Юрмала қаласының командасы футболсүйер қауымға тансық емес. Себебі, қазіргі таңда «Спартактың» сапында елордалық «Астананың» жас қақпашысы Абылайхан Дүйсен жалда ойнайды. Сонымен қатар, 2015 жылы Қазақстан құрамасының шабуылшысы Сергей Гридин аталмыш ұжымда доп тепкен. Ал 2013 жылы 19-жасар ганалық футболшы Патрик Твумаси «Спартактан» «Астанаға» жалға берілген болатын.

     

Құны

Немістің Тransfermarkt.de сайтының мәліметіне сүйенсек, латвиялық клубтың жалпы құны – 2 миллион 480 мың еуроны құрайды. Салыстырмалы түрде алсақ, «Астананың» құны 17 миллионнан асып жығылады. Ең қымбат футболшысы – команда капитаны, шабуылшы Эдгар Гаурач. Нарықтағы бағасы – 275 мың еуро. Ал елордалық ұжымның сапындағы ең қымбат ойыншы – Неманья Максимович (3 миллион еуро). Алайда сербиялық футболшы дәл қазіргі таңда «Астана» сапында алаңға шығып жүрген жоқ. Ал трансферлік маусым басталғанда испандық «Вильярреал» командасына ауысады.  

 

Құрамы

Бас бапкер – польшалық маман Марек Зуб. Командада барлығы 21 футболшы бар. Оның тек тоғызы легионер болса, қалғаны жергілікті футболшылар. Эдгар Варданьян мен Евгений Казачок Латвия Ұлттық құрамасының сапына тұрақты шақыртылады.

Команданың орта жасы – 24,4. Төрт қақпашы (орта жасы - 22), алты қорғаушы (орта жасы – 25,3), сегіз жартылай қорғаушы (орта жасы – 22,3) және бес бірдей шабуылшысы бар (орта жасы - 24,7). 37 жастағы Павел Михадюк команданың ардагер футболшысы болса, ең жасы – Алексей Козлов. Қақпашы осы жылы 18-ге толған.

 

Латвия чемпионатының кестесі:

 

 

Мүмкіндік

Біздің чемпиондар еурододалардың ақтық кезеңінде ойнап, ысылды, тәжірибе жинады. Негізгі құрамда біраз тәжірибелі, өз елінің ұлттық құрамаларында өнер көрсететін ойыншылар жиналған. Ал, латвиялық ұжым мұнымен мақтана алмайды. Құрамда кіл жастарды жинаған Марек Зубтың болашақтан күтер үміті көп. Қатты айтқанымыз емес, дегенмен ағымдағы жылы Станимир Стойловтың шәкірттері қарсыластарын еш қиындықсыз жеңуі қажет.  Бір жағынан «Астанаға» жеребе жолдас болды деуге келеді. Еуродадада тәжірибесі аздау, құрамы жастардан жасақталған. Бірақ, «Спартак» сенсация жасауға дайын. Өткен жылы күтпеген жерден Латвия біріншілігін жеңіп алды. Бұл жолы тәжірибелі «Астананы» қапы қалдыруға тырысып бағатыны анық. Жалындап тұрған жастар бір жігерлі мінездің есебімен жеңіп кетуі ғажап емес. Дегенмен, «адыр болғаныңмен ірі болмасаң – бәрі бекер». Жолдама «Астананың» еншісінде кетуі міндетті.    

 

Ой қорытқан Айбар РЫСДӘУЛЕТ

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или