Теңбіл доп әлемі
Футбол

«Реал» Чемпиондар лигасында екінші жыл қатарынан жеңіске жетті

 «Реал» Чемпиондар лигасында екінші жыл қатарынан жеңіске жетті
news-banner7
mobile-news-top

Чемпиондар лигасының финалына биылғы маусымдағы ең үздік командалар шыққан болатын. Бұл мамандардың пікірі.

«Реал» да, «Ювентус» та өз біріншіліктерінде өзгелерден оқ бойы озық шықты. Чемпиондар лигасының финала дейін де «тар жол тайғақ кешті». Мадридтік команда ширек финалда «неміс машинасы» «Баварияны» тоқтатса, жартылай финалда бітіспес қарсыластары, соңғы үш жылда екі рет финалға шыққан Мадридтің тағы бір командасы «Атлетиконы» финалсыз қалдырды. Туриндік команда ширек финалда азуын айға білеген «Барселонаны» тұсап тастады. Каталондықтар мен болған екі ойында да қақпаларын гол жібермеген «Ювентус» жартылай финалды француздық «Монаконы» оңай айналып өтті.

Финалдық кездесуге қос команда сақадай-сай келген. Тек бірнеше күн бұрын жарақатынан айығып, әлі бабын таба алмай жүрген «Реал» ойыншысы Бэйл ғана қосалқы құрамда қалды. Қос команданың өзге мықтыларының бәрі Кардиффтеге «Миллениум» стадионына алғашқы минуттан шыққан болатын.

Неміс төрешісі Феликс Брыхтың ысқырығы естілісімен туриндік команда ойын тізгінін қолға алуды ойлаған. Қарсылас қақпасына бірнеше қауіпті сәттер тудырғанымен жетістікке жете алмаған «Ювентус» өз қақпаларына гол жіберіп алды. Әлемнің үздік ойыншыларының бірі Роналду Карвахальмен доп алмасып алыс бұрышты дәл көздеген. Бұл Роналдудың биылғы чемпиондар лигасындағы он бірінші голы болатын. Осы голының арқасында ол маусымдағы үздік сұрмерген Мессимен теңескен.

Мадридтік команда мен жанкүйерлердің қуанышы араға жеті минут салып су сепкендей басылды. «Бавария» мен «Атлетиконың»(Дәл осы екі команданы биылғы маусымда «Реал» жарыс жолынан шығарып тастаған) бұрынғы ойыншысы Манджукич өзінің керемет шеберлігінің арқасында есепті теңестірді. Кездесудің бірінші таймының өзге уақытында туриндік команда аздаған басымдыққа ие болғанымен есеп өзгеріссіз қалып командалар үзіліске тараған.

Екінші таймда алаңға мүлдем басқа «Реал» шықты. Допты қарсыласқа беріп қойып қарымта шабуылға иек артатын мадридтік команда өздері бірінші номермен ойнауға көшті. Әсіресе Марселоның қапталы белсенді болды. Үсті-үстіне ұласқан шабуылдар кезінде қорғаушыдан қайтқан допты мадридтік команданың жартылай қорғаушысы Каземиро шіреніп тұрып теуіп қақпада тулатты. Соққы бағытталған сәтте доп қорғаушылардың біріне тиіп бағытын өзгерткенін де айта кетейік. Араға үш минут салып Роналду есепті еселеп қана қоймай биылға маусымдағы Чемпиондар лигасының үздік сұрмергені атағына да ие болды. Топтық кезеңде тепкен добы қақпаға дарымай жүрген Роналду плей-офф кезеңінде голды қарша боратты. «Бавария» қақпасына екі ойында бес гол соқса, «Атлетико» қақпашысы Облак Роналдудың соққысынан кейін үш рет допты қақпасынан алып шығуға мәжбүр болды.

Финалға дейінгі өткізген он екі ойында Буффон өз қақпасына тек үш ақ гол жіберген еді. «Реал» ойыншылары бұл нәтижені алпыс бес минутта қайталап үлгерді.

Кездесудің тағдыры Роналдудың екінші голынан соң шешіліп қойған еді. Алаңға жаңадан шыққан Куадрадо небары он екі минут ішінде екінші сары қағазып алып алаңнан қуылуы «жығылғанға жұдырық болды».

Ойынның негізгі уақыты аяқталған сәтте керемет ойын өткізген Кросты алмастырған жас талант Асенсио гол соғып кездесуді қортындылады.

Осылайша «Реал» Чемпиондар лигасындағы екі жыл қатарынан жеңіске жеткен алғашқы команда болып тарих қойнауына енді. Соңғы үш жылда екінші финалына шыққан «Ювентустың» бұл жолы да жолы болмады. Шау тартып, қартайған шағында жалғыз жеңбеген жүлдесі Чемпиондар лигасында топ жарсам деген Буффонның арманы тағы бір жылға кейінге қалды.

Бүгінгі ойын «Реал» клубының дәл қазіргі уақытта әлемде теңдесіз екендігін көрсетті. Бір жылдары ойыншы болып мадридтік команданы өрге сүйреген Зинедин Зидан бүгінде бапкер ретінде команда есімін тарихқа алтын әріптермен жазуда.

Кардифф, «Миллениум» стадионы

Чемпиондар лигасы

Финал

«Ювентус» – «Реал» – 1:4 (1:1)

Голдар: Манджукич 27 — Роналду 20, Каземиро 61, Роналду 64, Асенсио 90

«Ювентус»: Буффон, Барцальи (Куадрадо 67), Кьеллини, Бонуччи, Сандро, Пьянич (Маркизио 71), Хедира, Дани Алвес, Манджукич, Дибала (Лемина 78), Игуаин.

Бас бапкер: Массимилиано Аллегри.

«Реал»: Навас, Карвахаль, Рамос, Варан, Марсело, Каземиро, Модрич, Кроос (Мората 89), Иско (Асенсио 83), Бензема (Бэйл 77), Роналду.

Бас бапкер: Зинедин Зидан.

Ескерту алғандар: Дибала 12, Рамос 32, Карвахаль 42, Кроос 52, Пьянич 66, Сандро 70, Куадрадо 72.

Алаңнан қуылды: Куадрадо 84 (екінші сары қағаз).

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер