Андрей Аршавин: Матчтың шешуші сәті – Логвиненконың автоголы
«Қайраттың» жартылай қорғаушысы Андрей Аршавин «Астанаға» қарсы ойыннан кейін Prosports.kz порталының тілшісіне шағын сұхбат берді.
- Жақында 36 жасқа толдыңыз. Бірақ ойыныңызға қарағанда, 30 жастан аспағанға ұқсайсыз...
- Физикалық тұрғыда осы жаста екенімді байқалады ғой. Бірақ ішімнен өзімді жас сезінемін (күліп).
- Матч алдында «Қайраттың» қорғанысында қиындық бар екені белгілі болды. Бұл туралы өзара сөйлестіңіздер ме? Мысалы, алдыңғы шептегі ойыншыларға қорғанысқа көмектесу керек деген секілді.
- Қазір қорғаныста жақсы ойнайтын бір-екі ойыншымыз бар. Меніңше, орталық қорғаушы ретінде Елдос Ахметов жақсы көрінеді. Акош Элек те, жартылай қорғаушыдан көрі қорғаныста көп пайда тигізетін сияқты. Бұл – менің жеке көзқарасым.
- Сіздің голыңыз бүгінгі матчта шешуші болды десек, қателеспейтін шығармыз. «Қайрат» ойыншылары осы голдан соң өздеріне сене бастаған сияқты.
- Меніңше, біз гол соққан соң, керісінше, «Астана» допқа көбірек иелік ете бастады. Біз допты тез жоғалтып алып жаттық, 40-шы минутқа дейін «Астана» басымдық танытты. Біздің гол соққанымыз жақсы болды. Себебі екінші таймға 1:0 есебімен шықсаң, өзіңе сенімдірек боласың. Ал матчтың шешуші сәті деп Юрий Логвиненконың өз қақпасына гол соғып алған кезін айтуға болады. Есеп 2:0 кезінде еркін ойнай бастадық. «Астана» да жиі тәуекелге барды.
- Ойын кезінде бас бапкер Кахабер Цхададземен жиі сөйлестіңіз. Не туралы?
- Ойын сәтіндегі эпизодтарды талқыладық. Қай жерде қалай ойнау керек деген сияқты.
- Команда былтырғыға қарағанда күшейді ме? Әлде, әлі де болса, шабуыл шебін күшейту қажет пе?
- Команда өзгерген жоқ деп ойлаймын.
- «Қайратта» еурокубоктың топтық кезеңіне өтуге мүмкіндік бар ма?
- Мүмкіндік бар, бірақ бәрі жеребеге байланысты.
- Қалай ойлайсыз, чемпиондыққа таласта «Қайраттың» мүмкіндігі көбейді ме?
- Меніңше, көшбасшыдан бес ұпайға қалып тұру 8 не 11 ұпайға қарағанда жақсырақ. Көреміз, «Ордабасыға», үзілістен кейін «Тобылға» қарсы маңызды ойындар күтіп тұр. Әр ойында жеңіске жетуіміз керек. Сол кезде «Астанамен» чемпиондыққа таласымыз қаншалықты екенін байқауға болады.