Тевес: Алдағы елу жылда Қытай Еуропа футболымен деңгейлесе алмайды
«Шанхай Шэньхуа» клубының шабуылшысы Карлос Тевес Қытай чемпионатындағы ойыншылардың дайындығының нашарлығын айтты.
Естеріңізге салсақ, Тевес дәл қазіргі уақытта Қытай чемпионатында доп тебеді, және әлемдегі ең жоғарғы жалақы алатын ойыншы саналады. Расталмаған мәлімет бойыншы аргентиналық ойыншы аптасына 720 мың айлық алатын көрінеді.
– Қытай чемпионаты Еуропа чемпионаттарымен бәсекелесе алады деп ойламаймын, – деген Тевестің сөзін Movistar келтіреді.
«Әлемнің барлық мықты футболшыларын Қытайға жинасаң да ештеңе өзгерте алмайсың. Жергілікті футбол мен Еуропа футболының айырмашылығы жер мен көктей. Адамдары да өзгеше өмір кешеді. Алдағы елу жылды Қытай футболы Еуропаның ТОП біріншіліктерінің маңына жолай алмайды. Жергілікті ойыншылар техникалық тұрғыдан да физикалық тұрғыдан да дайын емес. Алайда Қытай билігі бұл олқылықтың орнын алу үшін қыруар жұмыс атқарып жатыр. Оның бастауында балалар мен жасөспірім мектептерін ашу тұр», - дейді Карлос Тевес.
