Еуропа лигасы кімге бұйырады?
Ішкі чемпионаттарында өз мақсаттарына жете алмаған «Манчестер Юнайтед» пен «Аякс» бүгін маусымды әдемі жеңіспен аяқтауға тырысады.
Қос команда үшін де ішкі біріншілік тәмам. Екеуі де алға қойған мақсаттарына жете алған жоқ. «Аякс» биылғы маусымда Голландия чемпионатын жеңіп алуды көздеген. Амстердамдық ойыншыларының басты қарсыласы «Фейеноорд» болды. Петер Бош командасының өкінішіне қарай, олар «Фейеноордтан» бір ұпайға қалып қойды. Нәтижесінде команда Голландияның вице-чемпионы атағын місе тұтты.
Бір қызығы, соңғы турда Бош алаңға турнир тархиындағы ең жас құрамды шығарды: команда капитаны Дэви Классен 24 жаста. Ол «Аякстың» ойыншылары арасында ең ең егдесі саналады. Жалпы, алаңға шыққан ойыншылардың орташа жасы 20-да ғана болды.

Ал МЮ-ға келсек, команданың мақсаты топ-4 қатарына еніп, Чемпиондар лигасына жолдама алу болатын. Бірақ Жозе Моуриньо шәкірттері маусымды сәзсіз бастап, негізгі бәсекелестерін ұзаққа жіберіп алды. Нәтижесінде оларға маусым бойы үздіктердің ізімен ғана жүруге тура келді. Команда маусымды 6-шы орынмен аяқтап, Чемпиондар лигасынан қағылды. Сондықтан, «қызыл сойқандар» бүгін алаңға екі есе жігермен шығады. Себебі бәріміз білетіндей, Еуропа лигасының жеңімпазы келесі маусымда кәрі құрлықтың клубтар арасындағы басты додасына қатысады.
Командалар УЕФА турнирлері аясында бесінші рет кездескелі отыр: бұған дейін қос ұжым екі-екіден жеңіп шыққан. Алғаш рет 1976/77 маусымда УЕФА Кубогында кездесті. «Аякс» Амстердамда 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Алайда қарымта матчта Лу Макари мен Сэмми Макилрой гол соғып, манчестерлік команда қарсыласынан басым түсті. Ал өзара соңғы матчтары 2011/12 маусымда Еуропа лигасында болған. Нидерланды астанасында сол кездегі Фергюсон шәкірттері 2:0 есебімен жеңген еді. Ал бір аптадан соң Манчестерде қонақтар 2:1 есебімен ұтқан. Алайда «қызыл сойқандар» екі ойынның қорытындысы бойынша 1/8 финалға өтті.

«Аякс» ойыншылары биылғы еуромаусымда қатарынан алты матч бойы сырт алаңда жеңе алмай келеді: үш тең ойын және үш жеңіліс. Манкуниандықтар болса, еурокубоктағы соңғы 10 матч бойынша жеңілген жоқ: жеті жеңіс пен үш тең ойын.
1200<br /> «Аякстың» қақпашысы Андре Онана осы маусымда Еуропа лигасында алаңда 1200 минут өткізді – бұл ең жоғарғы көрсеткіш. Екінші және үшінші орындарда Амин Юнес (1197) пен Поль Погба (1173) тұр.
8<br /> «Зениттің» жартылай қорғаушысы Жулиано мен «Рома» шабуылшысы Эдин Джеко сегіз голдан соғып, Еуропа лигасының сұрмергендер тізімінде көш бастап келеді. «Аякстың» үздік бомбардирі Каспер Дольберг алты гол соқты. МЮ голеадорлары ішінде Златан Ибрагимович пен Генрих Мхитарян бес реттен қанжығасын майлаған.
3<br /> «Манчестер Юнайтед» соңғы үш еурофиналда жеңіліп қалды: 2008 жылы УЕФА Суперкубогында «Зенитке» жол берген. Кейін 2009 және 2011 жылдары Чемпиондар лигасының финалында «Барселонадан» ұтылып қалды.

Бош VS Моуриньо
Петер Бош «Аякс» тізгінін 2016 жылы ұстады. Бұған дейін Израильде тель-авивтік «Маккабиді» жаттықтырған болатын. Ал Голландияда «Фейеноорд», «Хераклес» және «Витессте» қызмет етті.
Жозе Моуринью да МЮ-ге былтыр жазда келген болатын. Португалиялық маман «Портумен» УЕФА Кубогы және Чемпиондар лигасын жеңіп алған соң аты шыққаны баршаға мәлім. Кейін «Интермен» басты еуротурнирді қанжығалады. «Челсимен» ағылшын премьер-лигасын үш рет жеңген бапкер. Одан бөлек Испания және Италия чемпионы деген атақтары бар.
«Аякс» VS «Манчестер Юнайтед»
Командалар құрамындағы ойыншыларды көріп-ақ фаворитті табу қиын емес – «қызыл сойқандар» қарсыласына қарағанда тәжірибелірек. Оның үстіне, Еуропа лигасын жеңу МЮ-ге ауадай қажет. Чемпиондар лигасына берілер жолдаманың осы ғана екенін айттық. Ал «Аякс» Чемпиондар лигасына жолдама алып қойды. Тіпті, финалда жеңіліп қалғанның өзінде оларды ешкім жазғырмайды. Бірақ амстердамдықтар да маусымды сенсациямен аяқтауды жоспарлап отыр.
Футболды атақ пен ақша ойнамайды дейді. «Аякс» 22 жыл бойы ұта алмай келе жатқан еурокубокта топ жара ма? Жоқ, әлде, клуб коллекциясына жетпей тұрған осы жүлдені «Манчестер Юнайтед» ала ма? Сұрақтар көп. Ал жауабын бүгінгі финал шешеді.