Күтпеген чемпиондар...

Күтпеген чемпиондар...

Футболдан Еуропа елдерінің біріншіліктері мәресіне жетіп жатыр. Әлі де бернеше елдің чемпиондары кейінірек анықталады. Олардың қатарында Қазақстан чемпионаты да бар.

Ал бүгін біз «Күтпеген чемпиондар» тақырыбымен Еуропа елдеріндегі чемпион болады деп күтпеген ТОП-5 команданы ұсынамыз.

1-орын. Голландия. «Фейеноорд»

«Фейеноорд» командасы үнемі чемпиондыққа үміттілер қатрында жүрді. Алайда олар соңғы 18 жыл көлемінде ішкі біріншілікте топ жармаған. Биылғы маусымда сол олқылықтың орнын толтырудың сәті түсті. «Фейеноорд» чемпиондық атаққа соңғы турда қол жетікізді. Өз алаңдарында «Хераклесс» командасын қабылдап 3-1 есебімен жеңіске жетті. «Фейеноордқа» чемпиондық атақты алып келген үш голды да команданың ардагер ойыншысы, «Ливерпуль» командасында ұзақ жылдар доп тепкен Дирка Куйт соққан болатын. Осы маусым аяқталысымен Куйт спорттық мансабына нүкті қоятындығын хабарлады.

b2020fce328994b57ee5dc5eab65d645.jpg

2-орын. Франция. «Монако»

Франция чемпионатында соңғы жылдары ПСЖ клубынан өзгесі чемпион бола алмайтындай көрінген. Олар соңғы төрт жылда чемпиондық атаққа ешкімді маңайлатпаған еді. Биыл да ішкі біріншілікте ПСЖ клубы топ жаратындығына ешкімнің күмәні болмаған. Унаи Эмери команда тізгінін ұстағалы бері ПСЖ Франция чемпионатында өз билігін жүргізуден қалды. Бұл мүмкіндікті «Монако» клубы ұтымды пайдаланды. Соңғы рет 2000-шы жылы Клод Пюэльмен чемпиондыққа қол жеткізген князьдік клуб араға 17 жыл салып сол жетістігін қайталады.

 075134c184beb9a7c529fe79671a1574.jpg

3-орын. Ресей. «Спартак»

Ресей чемпионатында «Спартак» клубы соңғы рет 2001-ші жылы чемпион атанған. Одан бері «Локоматив», «Зенит», «Рубин», ЦСКА клубтары үстемдік құрды. «Спартак» чемпиондық атаққа бірнеше рет сынық сүйем жетпей сүрінді. Клубқа чемпиондық атақты қайтару үшін әлемнің айтулы мамандары да шақырылды. Алайда ұзақ уақыт бойы нәтижесін бермей келген болатын. Былтырғы маусым алдында клуб тізгінін команданың аңыз ойыншысы Дмитрий Аленичевке сеніп тапсырған. Бірақ, ол да жанкүйерлер күткен үмітті ақтай алмады. Үміт оты өшуге айналған тұста Дмитрий Аленичевтің көмекшісі болған Массимо Каррера команданы көптен күткен чемпиондық атаққа алып келді.

1c836f2178fde2fa47aecfc572b976a3.jpg

4-орын. Хорватия. «Риека»

 Жанкүйерлердің көбі «Риека» деген клуб барын алғаш рет естіп отыруы мүмкін. Ия, осындай клуб бар. Ол – биылғы маусымдағы Хорватия чемпионы. Өз тарихында алғаш рет ел біріншілігінде топ жарып отыр. Жалпы алғанда Хорватияда загребтік «Динамо» клубы үстемдік құрады. Соңғы он бір жыл көлемінде Хорватия чемпионатында қарсылас шақ келтірмей келген «Динома» биыл күміс жүлдені місе тұтты.

 b88c056be61777607a5c904eff37cd56.jpg

5-орын. Испания. «Реал»

Каролдік клуб ішкі біріншілікте топ жармағанына бес жыл болыпты. «Реал» үшін бес жыл чемпион атанбау деген ұзақ мерзім екені түсінікті. Бірнеше жыл Луис Энрике баптайтын «Барселона» «Реал» үшін алынбас қамалдай көрінген. Атақты Карло Анчелоттидің өзі «Испания чемпионы» деген атаққа қол жеткізе алмай жұмысынан қуылды. Команданың бұрынғы аңыз ойыншысы Зинедин Зидан ұжымға келгеннен бері «Реал» клубының ойынына қан жүрді. Оған дейін де сүреңсіз ойнады деуге ауыз бармайды. Дегенмен, Зиданның басшылығымен «Реал» көп күттірген чемпиондыққа қол жеткізе алды. Өткен түнде «Реал» сырт алаңда «Малаганы» 0-2 есебімен тізе бүктіріп Испанияның 33 дүркін чемпионы атанды. Бұл көрсеткішпен Еуропа елдерінің біріншіліктерінде тек «Ювентус» қана бәсекелесе алады. Осы екі ұжымнан өзге ешбір клуб өз біріншіліктерінде 33 рет чемпион атанбаған.

337f8ca08366c6b47e7d5dd87b39b153.jpg

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или