Алаштың жүз жылдығына ас беріліп, аламан өтеді
Биыл Алаш ұлттық автономиясының, Алаш партиясының және Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толады.
1917 жыл қазақ қоғамында аса күрделі саяси әлеуметтік жағдайды қазақ халқы басынан кешірген жыл. Міне осындай жағдайда қозғалыстың басында ұлтымыздың қайраткерлері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Жалел Досмұхамедов сияқты алдыңғы қатарлы қазақ зиялылары болды. Олар өздерінің білім деңгейі мен саяси белсенділігі, ұлтшылдық қуаты мен халықшыл қасиеті, рухани парасаттылығы мен азаматтық пайымдылығы жағынан Қазақстандағы кеңес өкіметін құрушылардан әлдеқайда алда болды. Олар Ұлттық автономия жариялаудан басқа жол жоқ, саяси тұрақсыздық жағдайында тек біртұтас ұлттық мемлекеттік құрылым ғана қазақ елін азаптан құтқарып, бостандық жолына алып-шығамыз деген тұжырымға келді. Осы кезеңде Ә.Бөкейханов бастаған бүкіл алаш зиялылары жиналып, Алаш партиясын құрған болатын.
Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында мамырдың жиырмасыншы жұлдызында Алаш орданың 100 жылдығына арналып ас беріліп, аламан бәйге ұйымдастырылмақшы.
Бұл туралы бүгін жазушылар одағында өткен баспасөз маслихатында белгілі болды. Баспасөз жиынына осы дүбірлі доданы ұйымдастырушы, ұлттық спорт түрлерінің жанашыры, белгілі кәсіпкер Бауыржан Барлыбаев пен Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, ұлттық спорт жанашыры Ислам Байрамуков қатысты.
Бауыржан Барлыбаев мырзаның сөзінше, Алаш орданың жүз жылдығын орай ұйымдастырылғалы отырған Аламан бәйгеге Қазақстанның барлық өңірінен жүзден аса тұлпар қатысады. Бәйгеге қатысушылар ешбір жарна төлемейді. Аламан бәйгені ұйымдастырудағы басты мақсат – Тәуелсіздік жолында құрбан болған Алаш зиялыларын өскелең ұрпаққа дәріптеу, ұлттық спортымыз Аламан бәйгені насихаттау.
Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков Алаштың жүз жылдығы елімізге ортақ мейрам екендігін айтып өтті. Қазақстанның барлық атқа мінген азаматтарын Аламан бәйгеге шақырды.