«Қайрат» «Астана Аренада» камбэк жасады
Футболдан ел чемпионатының екінші айналымы тамаша матчпен басталды.
12-турда көкшетаулық «Оқжетпес» «Астана Аренада» алматылық «Қайратты» қабылдаған.
Бірінші тайм алаң иелерінің пайдасына жазылды. 29-минутта Сергей Струков көкшетаулықтарды алға шығарған. Бірақ бар қызық соңғы жарты сағатта болды.
«Оқжетпес» ойыншылары бір голмен тоқтап қалмай, 68-минутта есеп айырмасын ұлғайта алды. Сергей Струков әріптесімен пас алмасып, әдемі гол соқты <span>–</span> 2:0.
Алматылықтар үшін кезекті жеңілістің ауылы жақындай түскен еді. Алайда 74-минутта Андрей Аршавин көзге түсіп, қонақтарға үміт сыйлады. Алаң иелерінің тосырқап қалғанын пайдаланған «Қайрат» бір минуттан соң есепті теңестіріп тастады. Бұл жолы Исаэль қанжығасын майлады. Халық командасына есепте алға шығу үшін төрт минут қана жеткілікті болды. 79-минутта Бауыржан Тұрысбек Исаэльдің пасын голға айналдырды. Қорытынды есеп – 3:2, «Қайрат» ойыншылары ғажайып камбэк жасады.
Бұл жеңістен соң «Қайрат» 22 ұпаймен үшінші сатыға көтерілді. Ал өте өкінішті жеңіліске ұшыраған «Оқжетпес» 11 ұпаймен 11-сатыда қалды. Бірақ қалған командалар өз матчтарын енді өткізетінін ескерсек, турнир кестесінде өзгерістер болатыны анық.
«Оқжетпес» - «Қайрат» 2:3 (1:0)
Голдар: 1:0 – Струков 29, 2:0 – Струков 68, 2:1 – Аршавин 74, 2:2 – Исаэль 75, 2:3 – Тұрысбек 79