«Реал» қатарынан екінші рет финалға шықты
Мадридтік «Реал» УЕФА Чемпиондар лигасының финалына жолдама алды.
«Корольдік клуб» жартылай финалда Мадридтің тағы бір командасы «Атлетикомен» кездескен. Өткен аптада «Сантьяго Бернабеуде» қарсыласын 3:0 есебімен жеңген «Реал» қарымта ойынға үлкен басымдықпен шыққан еді.
Әйтсе де, «Атлетико» ойыншылары ә дегеннен шабуылға лап берді. Соның арқасында алаң иелері алғашқы 16 минуттың ішінде қос доп соғып үлгерді. Алдымен, Сауль бұрыштан әуелеген допты қақпада тулатқан. Артынша Антуан Гризманн пенальтиден гол соқты. Ал тайм аяқталар тұста «Реал» алаң иелерінің бар үмітін су сепкендей басып тастады. 42-минутта Иско есеп айырмасын қысқарта алды.
Енді «Атлетикоға» үш гол соғу керек болатын. Зинеден Зидан шәкірттері болса, қалған уақытта сауатты қорғанып, қарсыласқа мүмкіндік бере қойған жоқ. Нәтижесінде «Реал» қатарынан екінші рет Чемпиондар лигасының финалына жолдама алды. Ақтық сында олар италиялық «Ювентуспен» күш сынасады. Бұл ойын 3 маусымда Кардифф қаласында өтпек.
«Атлетико» - «Реал» 2:1 (2:1).
Голдар: 1:0 – Сауль 12, 2:0 – Гризманн пенальтиден 16, 2:1 – Иско 42