«Қайрат» - жартылай финалда
Алматыда Қазақстан кубогының ширек финалындағы соңғы матч өтті.
Жергілікті «Қайрат» «Орталық» стадионда павлодарлық «Ертісті» қабылдаған. Алматылық ұжым алғашқы ысқырық естілісімен, бірден шабуылға ұмтылды.
Нәтижесінде «Қайрат» үзіліске дейін қос гол соғып тастады. Алдымен Жерар Гоу қанжығасын майласа, артынша Иво Иличевич көзге түсті.
Ал екінші таймда футболшылар қанша тырысқанымен таблодағы көрсеткішті өзгерте алған жоқ. Тек матчтың соңына таман алаңнан бірден екі ойыншы қуылды. Алматылықтар сапынан Исламбек Қуат, қонақтардан Карлуш Фонсека қызыл қағаз алды.
Осылайша, «Қайрат» 2:0 есебімен жеңіп, Қазақстан кубогының жартылай финалына жолдама алды. Айта кетейік, бұған дейін 1/2 финалға «Ордабасы», «Шахтер» және «Атырау» өткен болатын.
«Қайрат» - «Ертіс»
Голдар: 1:0 – Гоу 8, 2:0 – Иличевич 44