«Оқжетпес» өз алаңында «Шахтерден» ұтылып қалды
Футболдан ел чемпионатының 10-шы турында көкшетаулық «Оқжетпес» өз алаңында қарағандылық «Шахтерді» қабылдады.
Қос команданың да жағдайы мәз емес еді. «Оқжетпес» әзірше 8-ші сатыда келе жатыр, ал «кеншілер» турнир кестесін түйіндеп тұр – 12-ші орында.
Алаң иелері фаворит саналғанымен, есепті қонақтар ашты. 20-минутта Руслан Әлімбаевтың пасынан кейін Айдос Тәттібаев дәл соққы жасап, «Шахтер» алға шықты. Командалар үзіліске осындай есеппен кеткен.
71-минутта Тәттібаев тағы бір гол соғып, есепті еселеді. 2:0 – «Шахтер» сырт алаңда маңызды үш ұпайға қол жеткізді.
Осы ойыннан соң «кеншілер» 6 ұпай жинап, бірден 9-шы сатыға көтерілді. Ал «Оқжетпес» болса, 8 ұпай еншілеп, сегізінші орында қалды. Бірақ бұл матч 10-шы турдағы ең алғашқы ойын болатын. Қалған командалар енді ойнайды. Сондықтан бұл қос ұжым да турнир кестесіндегі жағдайларын өзгертуі мүмкін.
«Оқжетпес» — «Шахтер» 0:2 (0:1)<br /> Голдар: Тәттібаев 20, Тәттібаев 71