Сейдахмет: Мақсатым Қазақстанда ғана емес, Еуропада доп тебу
«Тараздың» 17 жасар талантты ойыншысы Еркебұлан Сейдахмет Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында Еуропада ойнағысы келетінін айтты.
- Еркебұлан, «Тараздың» сырт алаңдағы ойындарына қатыспай жүрсің. Неліктен?
- Қазіргі таңда, 11-ші сыныпта оқуыма байланысты ҰБТ-ға дайындалуым қажет. Сол себепті «Тараздың» сырт алаңдағы ойындарына қатыса алмаудамын. Енді бір ай қалды. Кішкене шыдасам болды. Ұлттық бірыңғай тесті тапсырған соң сырт алаңдағы ойындарға қатысамын. Тек «Қайратпен» өткен ойынға ғана екі күнге сұранған болатынмын. Себебі бұл кездесуде Ваит Талгаев жастарға мүмкіндік беретінін айтқан еді.
- «Қайратпен» өткен ойынды еске түсірсек. Қазақстан чемпионатындағы ең мықты қорғаушылардың бірі Жарко Марковичке қарсы ойнау қаншалықты қиын болды?
- Иә, әрине ауыр болды. Маркович – жоғары деңгейлі, тәжірибелі ойыншы. Бірақ алдағы уақытта қателерімді түзеп, Жарко сынды мықты қорғаушыларға қарсы жақсы ойын көрсетемін деген ойдамын.
- Маусым аяқталған соң «Зениттің» жастар командасына ауысасың деген ақпарат қаншалықты рас?
- Ол жағын білмеймін. Бұны агентімнен сұраған дұрыс. Білетінім, биылғы маусымды «Таразда» өткіземін.
- Питерлік команданың шетелдегі оқу-жаттығу жиындарына қатыстың. Қазақ футболымен айырмашылығы бар ма?
- Әрине, айырмашылығы бар. Бірақ қазақ футболы да дамып келеді. Жалпы питерлік командада ең жас ойыншы мен болдым. Қуанышыма орай, клубта мені жылы қарсы алды. Үнемі көмектесіп жүрді. Бас бапкері де, ойыншылары да қолдау көрсетті.
- Өз алдына қандай мақсат қоясың?
- Мақсатым тек Қазақстанда ғана емес, Еуропада доп тебу.
- Сүйікті клубың бар ма?
- Бар. Бұл - дортмундық «Боруссия».
- Кумирің?
- Қазақстанда Бауыржан Исламхан. Ал былай үлгі тұтатын футболшым – Марко Ройс. Бұл ойыншының алаңдағы қимылдарын «ютубтан» қарап, еліктеуге тырысамын.
- Он жеті жасында Қазақстан Премьер-лигасында ойнаймын деп армандадың ба?
- Әрине, армандадым. ҚПЛ-дің деңгейіне ақырындап үйреніп келемін. Алдағы уақытта бар өнерімді көрсетуге тырысамын.