Арман Оспанов АСВ 61 турниріне қатысады
Арман Оспанов 20 мамыр күні Санкт-Петербург (Ресей) қаласында АСВ 61 турнирінде 65 кг салмақ дәрежесінде Абдурахман Темировқа қарсы кездесу өткізеді.
АСВ (Абсолютті Беркут Чемпионаты) — аралас жекпе-жек турнирін өткізетін ресейлік промоушен. 2014 жылдан бастап әлемдік аренаға шыққан. АСВ турнирлері Ресей, Польша, Шотландия, Тәжікстан елдерінде өткен.
Қарсыласы Абдурахман Темиров 10 жасынан бастап еркін күреспен айналысқан АСВ ұйымының спортшысы. Аралас жекпе-жектегі кәсіби рекорды — 9 жеңіс, 2 жеңіліс. Соңғы кездесуі 2016 жылдың тамыз айында Мухамед Коковқа қарсы өтіп, жеңіліп қалған.
Еске сала кетсек, Арман Оспанов 25 ақпан күні америкалық WSOF 35 турнирінде Брюс Митчеллге қарсы, 18 наурызда Стивен Родригеске қарсы кездесу өткізу керек болатын. Бірақ екі жекпе-жек те өткізілмей қалды.
Арман Оспановтың аралас жекпе-жектегі соңғы кездесуі 2015 жылдың 17 қазан айында америкалық Джо Элморға қарсы өткен.