Хамитов: Fight Nights чемпиондық белбеуін өз еліме сыйлағым келеді
Бүгін «Фетисов Аренада» ережесіз жекпе-жектен халықаралық Fight Nights Global 63 турнирі өтеді.
Кештің басты жекпе-жегінде отандасымыз Қуант Хамитов ұйымның чемпионы Магомедсайгид Алибековпен күш сынасады.
VL.ru тілшісі жекпе-жек алдында «Найманнан» сұхбат алды.
- Қуат, жекпе-жекке қай жерде дайындалдыңыз?
- Үш ай мерзімде Таиландтағы Phuket Top Team залында жаттықтым. Жалпы әр қысты Пхукетте өткіземін. Маған тәжірибелі спортшылар көмектесті. Сондықтан жекпе-жекке сақадай сай дайынмын.
- Fight Nights сайтына берген сұхбатында Сайгид Алибековты жеңген спортшылармен дайындалғаныңызды айтқан болатынсыз...
- Әуесқой жарыстарда Әлибековты жеңген спортшылармен дайындалғанмын. Сондай-ақ, оның желтоқсан айында өткен кездесуін өз көзімен тамашалаған бапкерлер де маған кеңестерін берді. Сайгид - өте мықты файтер. Физикалық дайындығы керемет, бірақ бәрін октагон көрсетеді.
- Жалпы оған қарсылас ретінде қандай баға бересіз?
- Fight Nights-та әлсіз файтерлер жоқ. Магомедсайгид – ұйымның чемпионы. Яғни, ол өте мықты жігіт.
- Бұл чемпиондық белбеу сіз үшін қаншалықты маңызды?
- Әрине, мені мұндаймен таң қалдыру қиын. Бірақ бұл титулды Қазақстанда күтіп тұр. Өз елімнен шыққан тұңғыш Fight Nights чемпионы болғым келеді. Жерлестерім менің жеңісімді күтуде, мен болсам оларға чемпиондық белбеуді сыйлағым келеді.
