«Шахтер» мен «Тобыл» тең түсті
«Шахтер» өз алаңында қостанайлық «Тобылмен» кездесу өткізді.
Алғашқы минуттардан «Шахтер» қарсыласқа қысым көрсетіп, бүгінгі ойында тек жеңіс үшін ойнайтынын білдірді. Қостанайлықтар да қарап қалмай, өз кезегінде қарымта шабуыл ұйымдастырды. Бірақ екі команда да соңғы соққы жасау кезінде мүлт кетіп жатты. Ойынның оныншы минутында алаң иелері мәжбүрлі түрде ойыншы алмастыруына тура келді. Михаил Габышев қарсыласпен қақтығыс кезінде сәтсіз құлап, алаңнан өз аяғымен кете алмады. Оның орнына алаңға Өміртаев шықты. 20-шы минутта қонақтар қатырынан бірнеше рет айып добын орындады. Алайда оның біреуі де қақпаға дарымады. Қостанайлықтар бірінші таймның қосымша уақытында есеп аша алды. Сергей Скорых өз қақпасына гол соғып алып, «Тобылды» алға жіберіп қойды. Айта кету қажет, Скорых осы маусымда осымен үшінші автоголын соқты. Бірінші тайм 0:1 есебімен аяқталды.
Екінші тайм басталысымен алаң иелері есепті теңестіруге ұмтылды. 46-шы минутта Тәжімбетов гол соғып, таразы басын теңестіріп кетті. Гол соғылғаннан кейін командалар белсенді қимылға көшті. Қауіпті шабуылдар ұйымдастырылмағанмен, ойын тартысқа толы болды. Ойынның 70-ші минутында Тағыберген жарақат алып қалды. Оның орнына алаңға Рауль Джалилов шықты. Одан кейін Деспотович гол соғуға тамаша мүмкіндікке ие болған еді. Қақпашымен бірге-бір шыққан шабуылшыға сәттілік серік болмады. Ойын соңында командаларың жүйкесі сыр беріп, алаңда футболшылар бір-бірімен жаға жыртыса жаздады. Төреші екі ойыншыны алаңнан қуды. Есеп - 1:1. Командалар ұпай бөлісті.
Қазақстан чемпионаты, 7-тур, «Металлург» стадионы
«Шахтер» - «Тобыл» - 1:1
Голдар: Сергей Скорых (автогол) 45+, Тәжімбетов 46
Алаңнан қуылды: Борис Кадио, Алексей Щеткин
Фото: «Тобыл» баспасөз қызметінен