Саян Хамитжанов: Жолшиев үлкен футболға оралмайтын сияқты

Саян Хамитжанов: Жолшиев үлкен футболға оралмайтын сияқты

«Астананың» басшысы Саян Хамитжанов клубтың баспасөз-қызметіне берген сұхбатында елордалық ұжымның жаңа ойыншыларын жайлы айтты. 

- Саян Жақсыгелдіұлы, биылғы маусым алдында командаға қосылған жаңа ойыншылар жайлы пікіріңіз қандай? 

- Командаға қосылған ойыншыларға көңілім толды. Жаңадан келген футболшылар бірінші турдан бастап өздерін дәлелдеуде. Мәселен, «Шахтерге» қарсы ойында Жалмұқан Маевскийге нәтижелі бас берді. Луллаку «Ақжайықтың» қақпасына гол соқты. Роман Мұртазаев пен Срджан Граховац та командаға пайдасын тигізеді деген сенімдемін. Әрине, нақты бағасын беру үшін біріншіліктің соңын күту қажет. Нақты команданы кім күшейткенін тек күзде ғана айта аламыз. 

- Басқа командалар туралы не айта аласыз?

- Басқа командалардың селекциясы туралы айту дұрыс емес шығар. Бәрін жасыл алаң көрсетеді. Менің ойымша, барлық клубтар күшейді. Бұған дәлел чемпионаттағы нәтижелер. Фавориттер ұпай жоғалтуда, барлық ойындар өте тартысты өрбіп жатыр. 

- Әлеуметтік желіде Жолшиевтың «Астананың» ойыншыларымен түскен фотосын көрдік. Бұл дегеніміз Бауыржанның елордалық клубқа қайта оралуын білдіреді ме? 

- Ешкімнен жасырмаймын, біз бұл ойыншымен бірнеше рет келіссөздер өткіздік. Оның бір жарым жыл футбол ойнамағанына қарамастан ұтымды келісімшарт ұсындық. Бірақ ол бұл ұсыныстан бас тартты. Менің ойымша, Жолшиев үлкен футболға оралмайды. Қателессем, тек қуанамын. Мұндай талантты ойыншының футболдан гөрі ақшаны бірінші орынға қойғаны өте өкінішті жайт. Бұл жағдай барлық жас ойыншыларға үлгі болады деген ойдамын. 

- Жазғы трансферлік маусымаралықта команданы күшейту ойыңызда бар ма? Бәлкім, Жолшиев жазда клубқа қосылар? 

- Жазғы трансферлер жайлы айту әлі ерте. Барлығы қазіргі ойыншылардың бабына байланысты болады. Әрине, команданы күшейте алатын ойыншы табылса, біз онымен келісімшартқа отырамыз. Жолшиев туралы айтатын болсақ, ол бізге керек емес. Себебі оның бұрынғы бабына келу үшін кем дегенде жарты жыл уақыт қажет. Жазда еурокубоктарда ойнауға дайын футболшыларды ғана қарастырамыз. 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или