«Қайрат» тәрбиеленушілері республикалық турнирлерге қатысты
«Қайрат» ФК жасөспірімдер командасы «Жастар» және «Арман» турнирлеріне қатысты. Бұл туралы алматылық ұжымның ресми сайты хабарлады.
Республикалық «Жастар» және «Арман» турнирлерінінің финалдық кезеңдері мәресіне жетті. «Қайрат» ФК тәрбиеленушілері жасөспірімдер арасында 20-27 наурыз арасында өткен республикалық турнирде бақ сынады.
Оңтүстік астананың 1999 жылы туған командасы өз матчтарын Тараздағы «Арман» турнирінде өткізді. Олардың қарсыластары «Ақтөбе», «Атырау» және «Тараз» клубтары болған. Алғашқы ойында «Қайрат» «Ақтөбені» 5:1 есебімен жеңді. Екінші ойында да академия тәрбиеленушілері жеңіске жетті, олар «Атырауды» 3:1 есебімен тізе бүктірді. Ал келесі ойын «Қайрат» ойыншылары үшін сәтсіз өтті. Команда «Тараз» футболшыларынан үш гол жіберіп, оған бір ғана доппен жауап қата алды. Финалдық кездесулер қорытындысы бойынша «Қайрат» 4-ші орын еншіледі.
Сондай-ақ, турнирге 2001 жылы туған командлар да қатысты. Осы жастағы тәрбиеленушілер өз матчтарын Шымкентте өткізген. Олардың қарсыласы «Ордабасы», «Ақтөбе» және «Оңтүстік» клубтары болған.
Алғашқы екі турда «Қайрат» қарсыластарынан басым түсті: алдымен алматылықтар «Ордабасыны» 1:0 есебімен жеңсе, кейін «Ақтөбе» қақпасына бес гол соғып, бір доп жіберіп алды. Қайраттықтар «Оңтүстікке» қарсы ойында жеңіліп қалды.
Ал үшінші орынға талас матчта алматылықтар астаналықтарды жеңді – 6:0. Турнирдің үздік бомбардирі атағын «Қайрат» ФК академиясының тәрбиеленушісі Меделхан Дархан алды.