Александр Бородюк: Құрамаға өзгеріс керек
Қазақстан құрамасының бас бапкері Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатының бірінші бөлімінде өз жұмысы жайлы, Аршавинді «Қайратта» қалуға қалай көндіргені туралы, сондай-ақ, ұлттық командаға шақырту алу үшін футболшыларға не істеу керектігін айтты.
- Александр Генрихович, ең алдымен, былтыр «Қайраттан», Қазақстаннан қандай көңіл-күймен кеткеніңізді айтып беріңізші? Сол кезде қандай жағдайда болдыңыз?
- Кеткенім қалай? Адам қашан да үмітпен өмір сүреді. Өмірде қалай болады? Кеткен жеріңе қайта ораласың. Жоқ, жаман ештеңе болмады. «Қайрат» футбол клубына, басшылығына жақсы сөздерімді ғана айтқым келеді. Жұмысым қолайлы өтті. Біз Қазақстан Суперкубогын ұтып алдық, командада өте жақсы атмосфера болды. «Қайраттағы» уақытыма көңілім толады. Бәрі қалпында. Иә, клубтан кетуіме белгілі бір себептер болды. Бәрі ішімде қалсын. Білесіз бе, кез келген бапкерге құрамада жұмыс істеу мүмкіндігі туа бермейді. Қазақстан футбол федерациясынан ұсыныс алғаным маған берілген тағы бір мүмкіндік. Бұл елге үлкен құрметпен қараймын. Бапкерлік штабпен бірге Қазақстанды аралап, чемпионаттың үш матчын тамашаладық. Құрамада болып жатқан жағдайды әзірше білмейміз. Тағы да айтайын: бұл елге деген құрметім шексіз. Маған тағы бір мүмкіндік берігеніне рахмет.
- «Қайраттағы» аз уақытыңыздың ішінде клуб тарихына ендіңіз. Қазақстан Суперкубогын жеңіп алып, бірден кетіп қалдыңыз. Былтыр сіз жеңіп берген кубок маусымдағы жалғыз трофей болғанын білетін шығарсыз?
- Иә. Қашан да мына мақалды айтып жүремін: жеңіске жететін футболшылар, жеңілетін бапкер. Сондықтан, мұнда ойыншылар үлкен үлесін тигізді. Олар жарады! Алаңға шығып, нәтиже көрсетті. «Қайрат» секілді азулы клубқа Суперкубоктағы жеңіс маңызды саналады.

- Андрей Аршавин біздің басылымға берген сұхбатында сіз «Қайраттан» кеткен соң, киімін жинап, нағыз еркекше ол да кетуі керектігін айтқан еді. Біздің түсінгеніміз бойынша, оның Қазақстанда қалуын сіз өтінген секілдісіз?
- Бұл рас. Андрей де кетпек болды. Көбі Андейдің қандай адам екенін білмейді. Ал мен оны он жылдан бері танимын. БАҚ адамды басқаша қылып көрсетуі мүмкін. Ал мен оны басқаша танимын. Сол кезде екеуіміз сөйлесіп, мен былай дедім: осында ойнауың керек, Қазақстанда саған құрметпен қарайды, ал сен сол құрметті ойыныңмен көрсетуің керек. Меніңше, «Қайраттың» онымен келісім-шартты ұзартуы – жас футболшылар үшін өте маңызды. Олар Аршавин секілді шебер футболшымен бірге жаттыға алады.
- Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алмай тұрып, немен айналыстыңыз? Басқа ұсыныстар болды ма?
- Ұсыныстар өте көп болды. Әр түрлі қызметке: спорт директорына да, бас бапкерге де. Белорусьқа келіссөзге бардық. Ел футболының басшысымен кездесдім. Маған құраманың тізгінін ұстауды ұсынды. Минскіде жақсы кездесу болған. Құрама тізгінін ұстауға жақын болдым. Сол кезде ҚФФ өкілдері хабарласты.
- Неліктен Қазақстан құрамасын таңдадыңыз?
- Біріншіден, мен бұған дейін Қазақстанда жұмыс істедім, елді құрметтеймін. Мұндағы қызметім аз уақытқа созылса да, футболдың дами бастағанын көрдім. Балаларға арналған спорт мектептері бар. Бұл өте маңызды. Қазақстан құрамасын баптауға дайын екенімді сездім.

- Қазақстан футбол федерациясымен келісім-шартқа отырмас бұрын өз талаптарыңызды айттыңыз ба?
- Бұл федерацияның ішіндегі жұмыс. Бірақ құрамаға өзгерістер керектігін білдік. Өз елі үшін жанын салатын ойыншыларды табуымыз керек. Өз қызметіме енді кірісіп жатырмын. Өзгертілген құраманың ойыншылары осы идеяға сай болса екен деймін. Бапкер ретінде осыған қол жеткізсем, алға жасалған қадам болады. Кейін ғана техника және тактика жағы басталады.
- Өзгерту жұмысы қанша уақытты алады?
- Бұл қиын іс. Неге? Көптеген елдерде мұндай болған. Мысалы, Германияны алайық. Барлық жастағы футболшылар бар. Біз Гус Хиддинкпен бірге жұмыс істеп жатқанымызда негізгі құрам 18-22 жастағы футболшылардан құралу керек деп айттық. Бірақ ол ойыншылар көп ойнамайтын. Өз клубтарында қосалқы құрамда отырады. Құрамаға керек болуы мүмкін футболшыларға ойнауға мүмкіндік беретін басқа клуб іздеуді ұсынамыз. Олардың жасында ойын тәжірибесі – ең маңыздысы. Көбі қосалқы құрамда қалып қояды. Бұл футболшы үшін дұрыс емес. Біз осы бағытта жұмыс істеуге тырысамыз.

- ЕУРО-2008 кезінде түсірілген сурет бар. Онда Аршавин мен сіз тұрсыз. Қандай нұсқау беріп жаттыңыз?
- Бұл тарих қой! Андрейге ойын туралы айтып жатқанмын.
- Айтпақшы, Аршавин ЕУРО-2008-дің 1/4 финалында Голландия құрамасына қарсы матч алдында не болғанын айтпақ емес. Ол мұның бәрін кешірек айтатынын уәде еткен еді.
- Андрейдікі дұрыс. Сол кезде жақсы ұжым қалыптасты. Бұл сондағы табыста үлкен рөл атқарды. Кез келген жағдайда футболшылардың еңбегі бағалануы тиіс. Олар үлкен жұмыс істеді.
- ЕУРО-2008 кезінде Ресей құрамасының психологиясын біздің футболшыларға жобалауға бола ма?
- Әрине! Солай жасау керек. Қазақстан чемпионатындағы ойыншыларды көріп отырасың да, кей футболшылардың болашағы бар екенін байқайсың. Сол кезде психология тұрғысында жұмыс істеу керек. Өздеріне сенімді болуы қажет.
- Футболшы мансабын аяқтаған Қайрат Нұрдәулетов Қазақстан құрамасының бапкерлік штабына енді. Футболшыларды іштен білетін ол психологияны ауыстыра ала ма?
- Оның біздің бапкерлік штабқа енгеніне қуаныштымыз. Болашақта одан жақсы бапкер шығады деп үміттенеміз. Алдағы уақытта қазақстандық футболдың дамуына ат салыса алады. Бізде өте тату ұжым болады деп үміттенеміз.

- 2018 жылғы ӘЧ іріктеу кезеңі аясындағы Арменияға қарсы матчтың алдында Кипрде жиын өткізесіздер. Бұл қаншалықты маңызды?
- Бұл, бір жағынан, өте жақсы таңдау. Түрлі ойыншыларды түрлі позицияларда байқап көре аласың. Қосалқы құрамда отыратын футболшыларға өздерін көрсетуге мүмкіндік беруге болады. Бір жағынан мынадай қиындық бар: ресми матч алдында біреу жарақат алып қалуы ықтимал. Біреу жарақат алып қалса, оны ауыстыра салатындай таңдауымыз көп емес. Бірінші іріктеу матчы, кейін жолдастық кездесу өтсе, қарсы емеспін.