Қазақстан құрамасы Кипрден ұтылып қалды
Футболдан Қазақстан құрамасы мен Кипр Ларнакада жолдастық кездесу өткізді.
Алғашқы бес минуттықта командалар өзара пас алмасып, шабуыл жасамады. Доп көбіне біздің құраманың футболшыларында болды. Алаң қожайындары болса өткір шабуыл жасауға тырысып көрген. Бірақ доп қақпаға дарымады. Таймның жартысында қонақтар қарсылас команданың жарты алаңына шығып, қыспаққа ала бастады. Алайда, шабуыл соққыға дейін бармады. Ойынның 29-шы минутында Таңат Нөсербаев өкшесімен допты қақпаға бағыттап, Қазақстан құрамасын есепте алға шығарды. Гол жіберіп алған кипрліктер бар күшімен алға ұмтылған. Онысынан түк шықпады. Бірінші тайм қонақтардың жеңісімен аяқталды.
Екінші таймда командалар қауіпті шабуылдармен алмасты. Бірақ алаң иелері өз мүмкіндіктерін құр жібермеді. 56-шы минутта Митидис Нестор гол соғып, есепті теңестірді. Содан кейін, 62-ші және 66-шы минуттарда кипрліктер есепте алға шығып, одан әрі еселей түсті. Үш бірдей гол жібергеннен кейін қазақстандықтар алға ұмтылып, есеп айырмасын қысқартуға тырысты. Допқа иелік еткенімен, гол соғылмады. Өз кезегінде Кипр құрамасы байсалды ойын көрсетіп, тәуекелге бармады. Қорытынды есеп - 3:1, Қазақстан құрамасы Кипрден жеңіліп қалды.
Жолдастық кездесу, Ларнака
Кипр - Қазақстан - 3:1
Голдар: Митидис Нестор 56, Кателарис Фанос 62, Христофи Димитрис 66- Таңат Нөсербаев 29