Дмитрий Шомко: Жиынға еліміздегі ең мықты ойыншылар келді
Қазақстан құрамасы мен «Астананың» қорғаушысы Дмитрий Шомко Prosports.kz тілшісіне шағын сұхбат берді.
- Екінші турда «Ақжайыққа» қарсы өз алаңымызда жақсы ойнадық. Көп гол соғуға болатын еді, өкінішке қарай, пайдалана алмадық. Соған қарамастан ойымызды жүзеге асыра алдық.
Құрамаға келер болсақ, мұндағы қай футболшы да Қазақстан сапында ойнауды құрмет санайды. Маңыздысы, еліміздегі ең мықты ойыншылар жиналды. Жанкүйерлерімізге мұнда бекер келмегенімізді дәлелдейтін сәт жетті.
- Армениялық футболшыларға өз бағаңызды бере кетсеңіз.
- Ойындарын қарап, сараптама жасаймыз. Футболшылары жақсы. Қолдарынан не келетінін көреміз, жақсы әрі жаман тұстарын табуға тырысамыз. Кейін бапкерлік штаб өз нұсқауын береді.
- Құрамамыз «Астана-Аренада» жасанды көгалда ойнайтын, енді табиғи алаңда өнер көрсетпек. Қолайсыз болмай ма?
- Футболшы екі алаңда да ойнай білуі тиіс. Бірақ екеуінің айырмашылығы бар екені сөзсіз. «Астана Аренада» көгалды ауыстырғалы жатыр. Сапасы қандай болары белгісіз. Табиғи алаңда ойнаған жақсырақ қой.