«Ақжайық» «Шахтерден» басым түсті
Футболдан ел чемпионатының 2-турында оралдық «Ақжайық» өз алаңында қарағандылық «Шахтермен» күш сынасты.
Бірінші турда «Ақжайық» «Ертіске» жол берсе, «Шахтер» Тараздан бір ұпай алып қайтқан болатын.
Оралда өткен матчта есепті Рубио Костнер ашқан. Бұл ойынның 2-ші минуты ғана болатын. Араға алты минут салып, Изу Азука есепті еселеді. Үзілістен кейін «кеншілердің» шабуылшысы Дәуренбек Тәжімбетов есеп айырмасын қысқартқан болатын. Бірақ ойынның нүктесін оралдықтар қойды. 72-минутта Азука дубль авторы атанды. Қорытынды есеп – 3:1. «Ақжайық» маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Осы жеңістің арқасында «Ақжайық» үш ұпаймен алтыншы орынға көтерілді. Ал «Шахтер» болса, тоғызыншы орынға түсіп қалды.
«Ақжайық» - «Шахтер» 3:1 (2:0)
Голдар: 1:0 – Костнер 2, 2:0 – Азука 8, 2:1 – Тәжімбетов 69, 3:1 – Азука 72