Щеткин «Тобылға» жеңіс сыйлады
Осы маусымда үйреншікті жетінші орыннан жоғары нәтижені көздеген қостанайлықтар өз алаңында «Атырауды» қабылдаған болатын.
Ойынның басында-ақ қонақтар қауіпті шабуыл ұйымдастырды. 3-ші минутта Джокич айып добын орындап, тоғыздыққа көздеген, бірақ доп қиыс кетті. Осыдан кейін Щеткин мен Деспотович жұбы «мұнайшыларды» қыспаққа алды. Ойынның 13-ші минутында Сартаков көтерген допқа Щеткин бірінші жетіп, атыраулықтардың қақпасына баспен гол соқты. Қонақтар голға шабуылмен жауап берді. Бірақ, Джокичтың тепкен добы Непогодовтың қолынан табылды. Алаң иелері бірнеше мәрте қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Тағыберген, Мұхидтинов, Щеткин мен Деспотович гол соғатын бірнеше мүмкіндікті жіберіп алды. Бірінші тайм 1:0 есебімен аяқталды.
Екінші таймда алаң иелері шабуылды үдете түсті. 56-шы минутта Щеткин дубль жасаса, 62-ші минутта хет-трик жасап, есепті еселей түсті. Қорытынды есеп - 3:0, қостанайлықтар үш ұпай еншіледі.
ҚПЛ. І – тур. 8 наурыз, 2017 жыл. Затобольск
«Тобыл» - «Атырау» - 3:0
Голдар: Щеткин 13’, 56’, 62’