«Ақжайықтың» бюджеті – 3 млн доллар
Оралдық «Ақжайықтың» жаңа маусымдағы бюджеті белгілі болды.
«Ақжайықтың» биылғы бюджеті 950 миллион теңге (3 миллион доллар) болмақ.
«Маусымның басы үшін 425 миллион теңге алдық. Команда жақсы нәтиже көрсетуге тырысады», - деді «Ақжайықтың» бас директоры Азат Қазиханов.
Команданың қаржысы аз болғанына қарамастан, оралдықтар бірнеше легионерді қатарына қосты. Биыл черногориялық Йован Николич, нигериялық Азу Изука мен колумбиялық Аренас Дельгадо оралдықтардың намысын қорғайды. Сондай-ақ, былтыр «Ақжайықта» өнер көрсеткен легионерлер бар: Майкл Одибе (Нигерия), Предраг Говедарица (Сербия), Матиас Рубио (Чили), Константин Дудченко (Украина).
«Біздің қазіргі мақсатымыз – әр матчта жеңіске жету. Жақсы ойыншылармен күшейіп алдық. Олар жоғары деңгейлі ойын көрсетіп, жанкүйерлерді қуантады деп үміттенемін», - деді «Ақжайықтың» бас бапкері Вахид Масудов.