«Қайрат» - Қазақстан Суперкубогының иегері
Бүгін футболдан Қазақстан Суперкубогы үшін ақтық ойында «Астана» мен «Қайрат» кездескен болатын.
Алғашқы таймда командалар аңдыспай шабуыл жасауға тырысты. Ойын көбінде орталық алаңда өрбіген. Командалар гол соғатын қауіпті шабуыл ұйымдастыра алмады. Тек алғашқы бес минуттықта қорғаушылардан сытылып шыққан Кабананга Плотников қақпасын көздеген болатын. Алматылықтар да қарап қалмады. Ойынның 36-шы минутта Исаэль сол қапталдан жойқын соққы бағытттаған еді. Алайда доп Ненад Эричтің қолынан табылды.
Екінші таймды командалар ширақ бастады. Эрич пен Плотников иелігіне қауіпті шабуылдар ұйымдастырылды. Гоу қақпашымен жалғыз қалып, тура соққы бағыттай алмаса, Твумаси қақпадан саңылау таба алмады. Андрей Аршавин бірнеше рет қарсылас қорғанысын бұзып өтпекшi болған. Бірақ соққы бағыттауға келгенде сәтсіздікке ұшырады.
76-шы минутта Сезар Арзо қақпашыдан серпілген допқа бірінші жетіп, ойын есебін ашқан болатын. Матчтың соңғы минуттарында Исламбек Қуат есепті еселеді - 0:2.
Осылайша, Кахабер Цхададзенің шәкірттері жаңа маусымдағы алғашқы титулын жеңіп алды.
Қазақстан Суперкубогы - 2017
«Астана» - «Қайрат» - 0:2
Голдар: Сезар Арзо 76, Исламбек Қуат 90+3