ҚПЛ. Командалардың жаңа маусымға дайындығы қалай?

ҚПЛ. Командалардың жаңа маусымға дайындығы қалай?

ҚПЛ командалары дайындықтың соңғы кезеңінде жаттығу жасап жатыр. Осы күндері клубтар трансферлік нарықта белсенді. Селекция бөлімі ұжымды күшейтетін футболшыларды іздесе, бапкерлер команданың «ойынын» табуға тырысып бағуда. 

Жалпы, командалар жоспар бойынша жұмысын жалғастырып жатыр. Тек бұл сөздердің ойда-жоқта еліміздің жоғарғы лигасынан алынған «Алтай» мен дәл осы жоғарғы лигаға оралуға мәжбүр болған «Таразға» қатысы жоқ. Бірі шетел асып, ойыншыларды сатып алып, клуб қаржысын бекер шашса, екіншісі ҚПЛ-ға лайықты команда жасақтап үлгермеген.

 

«Астана»

Өткен маусымдағы ел чемпионы биыл да сол жетістігін қайталауға ниетті. Елордалық клуб жылдағыдай фаворит саналады. 4-ші наурыз күні «Қайратпен» Суперкубок үшін тартыс жүргізетін астаналықтар, былтырғы кеткен есені қайтаруды қалайды.

Биыл ел чемпионы маусым аяқталмай жатып «Ертістің» шабуылшысы Роман Мұртазаевті қатарына қосқан болатын. Жас шабуылшы 2016 жылдың басты жаңалығы десек болар. 18 гол соққан Мұртазаев ел біріншілігінің үздік сұрмергендер тізімінде екінші орын алған. Сонымен қатар, «Астана» албаниялық Аздрен Лулакумен келісімшартқа отырды. 20 матчта 16 гол соққан шабуылшы Астана төрінде атой салсам дейді. Стойловтың командасына Кабананганың да оралғанын естен шығармаған жөн. Чемпионатта 5 гол соғып, қара құрлықтың басты бәсекесінде үздік сұрмерген атанып, дүниені дүр сілкіндірген Кабананга енді Чемпиондар лигасында жасындай жарқылдасам дейді. Сонымен қатар, астаналықтардың қатарында Патрик Твумасидің де бар екенін ескерген жөн.

 

«Қайрат»

Алматылықтар екі жыл қатарынан «күмісті» қанағат тұтты. Былтыр тек Суперкубокты алған Цхададзенің шәкірттері, биыл ел чемпионатын ұтуға дәмелі. Әзірге алматылық ұжымның шабуылында әдеуір өзгеріс жоқ десек болар. Екі маусым қатарынан 22 голдан соққан Гоу, биыл да «Қайраттың» шабуыл шебінде ойып тұрып орын алатын секілді. Өткен маусымда оған Гаэль Тавамба көмектескен болатын. Бірақ, маусым аяқталысымен камерундық командадан кетті. Жиында бас бапкер Бауыржан Тұрысбекке мүмкіндік беріп жүр. Осы маусымда жас футболшы негізгі құрамнан көрініп жатса – таң қалмаймыз.

«Қайраттың» шабуылы былтырғыдан өзгеріске ұшырай қоймайтын секілді. Бапкерлер Гоу, Исаэль, Аршавин, Исламхан төрттігіне үміт артатындай көрінеді.

Сонымен қатар, алматылық ұжым трансферлік ауысым кезінде Георгий Жуков пен хорватиялық Иво Иличевичті қатарға қосты. Бұл екеуі де осы маусымда команданың негізгі ойыншыларының бірі болады деп күтілуде.

 

«Ертіс»

Керекуліктер жаңа маусымға қарқынды дайындық үстінде. Екінші жиында команда алты бірдей жолдастық кездесу өткізген. Айта кету қажет, «Ертіс» трансферлік ауысым кезінде франциялық Серж Бандо Н'ганбемен бір жылдық келісімшарт жасасқан болатын. Осы жылы еурокубоктарға жолдама алған команда құрамын күшейтуге тырысып бағуда. Күні кеше клуб ардагер ойыншы Нұрбол Жұмасқалиевпен келісімшартқа отырды.  Мәліметтерге сүйенсек, футболшы мен клуб бір жылға уағдаласқан. Сонымен қатар, команда құрамына Аслан Дарабаевтің де қосылғанын білесіздер.

 

«Ордабасы»

«Ордабасы» осы маусымда белсенділік танытып, тәжірейбелі ойыншыларды жинақтауда. Командаға Азат Нұрғалиев пен Таңат Нөсербаев оралды. Сондай-ақ Әлібек Бөлешев те жиында шымкенттік ұжыммен бірге жүргені белгілі. Трансферлік ауысым кезінде жан-жақты футболшыларды іздеп жүрген команда биыл да жүлделі орындарға таласуға қауқары жететін секілді.

 

«Оқжетпес»

Владимир Муханов шәкірттерінің жаңа маусымға дайындығы жолдастық кездесулерінен көрініп тұрған секілді. Маусымаралық үзіліс кезінде бірнеше мықты футболшыларды қатарға қосқан көкшетаулықтар биыл тек жүлдеге таластанын мәлімдеген. Жақында ғана жоғарғы лигаға оралған команданың нәтижесі әзірге көз қуантады. 

 

 «Ақтөбе»

Еліміздің батыс өңіріндегі клуб қауқарын жыл санап жоғалтуда. Осыған дейінгі маусымдарда жүлделі орын былай тұрсын, тек «алтынға» үміткер ретінде қарастыралатын ақтөбелік ұжым, енді ортаңқол командалардың біріне айналған секілді. Игорь Рахаевтің шәкірттері жиын кезінде де айтарлықтай нәтиже көрсете алмауда. Ресейлік «Томьмен» тең түскен «ақ-қызылдар», украиналық «Стальдан» ұтылып қалған. Жиындардың бірінде командада Бауыржан Жолшиевтің жүргені хабарланған еді. Бірақ, футболшыны қаржылық ұсыныс қанағаттандырмаған секілді.

 

«Тобыл»

Маусымаралық үзіліс кезінде құрамын күшейткен клуб биыл дәстүрлі алтыншы орыннан жоғарыласақ па дейді. Деспотович пен Щеткин жиын барысында жақсы нәтиже көрсетуде. Сонымен қатар, қостанайлықтар Түркияда бірнеше мықты командамен жолдастық кездесу өткізіп үлгерді. «Тобылдың» соңғы жиыны 27-ші ақпан күні аяқталмақ. 26-шы ақпанда команда БАТЭ-мен жолдастық кездесу өткізеді.

 

«Атырау»

3-ші ақпанда «Атырау» Антальядағы үшінші жиынын бастаған. Жиын барысында «мұнайшылар» ресейлік «Орынбордан» 0:2 есебімен ұтылып қалған еді. Сонымен қатар, грузиялық «Чехуруден» басым түсті. Командада сербиялық Йован Джокич пен өзбекстандық Шавкат Саломов жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Бірақ клуб осы қарқынмен жүлделі орындарға таласуы екіталай. Осы маусымда атыраулықтар ортаңқол командалардың қатарында қалатын сияқты.

 

 «Шахтер»

Қарағандылық клуб та жаңа маусымға тыңғылықты дайындыққа көшкен. Айта кету керек, футболшы мансабын аяқтаған Андрей Финонченко, команданың бапкерлер штабына кірді.

«Кеншілер» жиында «Ильичевец», «Академия Пандев», «Заря» және тағы бірқатар клубтарымен жолдастық кездесу өткізді. Әзірге нәтижеге көңіл көншімейді. Бір кездері Еуропаны шулатқан команда өз биігіне оралуға әлі де жақын емес секілді.

 

«Акжайык»

Оралдықтардың жиындағы нәтижесі бірқалыпты деуге келмейді. Өзбекстандық «Металлургтен» 0:2 есебімен ұтылған команда, армениялық «Алашкертті» 3:0 есебәмен ұтқан еді. Дудченко, Изу Азука, Матиас Рубио секілді орта деңгейлі футболшылары бар клуб, осы маусымда да турнир кестесінің бел ортасынан асуы екіталай.

 

 «Қайсар»

Қызылордалықтар трансферлік ауысымда белсенділік танытуда. Биыл ғана жоғарғы лигаға оралған команда, осы жылы кем дегенде турнир кетесінің ортасынан табылуды көздейді. Мақсат Байжановты қайтарғаннан кейін, командаға Сақалбаев, Антон Цирин, Ілияс Әмірсейітов, Дмитрий Евстигнеев, Валентин Чуреев секілді ойыншылар шақырту алды. Команда жиынында Жамбыл Көкеевтің жүргені де белгілі. Бірқатар мықты ойыншылармен толыққан «Қайсар», алдағы маусымда жақсы нәтиже көрсетуге қарымы әбден жетеді.

 

«Тараз»

«Алтайдың» ҚПЛ-да ойнамайтыны белгілі болғаннан кейін, тараздықтардың жаттығу жоспары бірден өзгерді. Жамбылдық клуб аз уақыт ішінде жоғарғы лигаға лайықты команда жасақтап, жаттығу жұмыстарын жүргізіп үлгеруі тиіс еді. Бірден іске кіріскен «Тараз», Түркияға аттанып, осы күнге дейін бірнеше кездесу өткізді. Ойда-жоқта жарты жолда жоспарын ауыстырған клубтың нәтижесі жаңа маусымда белгілі болады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или