Кулькина: «Құзырлы органдар тергеу жұмыстарын аяқтап, шешімін берсін»

Кулькина: «Құзырлы органдар тергеу жұмыстарын аяқтап, шешімін берсін»

Синхронды жүзуден ұлттық құраманың бұрынғы мүшесі Анна Кулькина prosports.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді. 

Азия ойындарының екі дүркін қола жүлдегері, бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы және халықаралық дәрежедегі спорт шебері Анна Кулькина әріптестері жазған ашық хатқа байланысты өз пікірін білдірген. 

- Жақында синхронды жүзуден ұлттық құраманың бұрынғы мүшелері ашық хат жазып, әлеуметтік желіде ойларын жеткізді. Спортшы қыздар кейбір жерде шындықты айтса, кейде жерде шындықты жасырған. 

Командамызда жақсы нәтижелер жоқ дегені шындыққа үйлеспейді. Дәлелдерге жүгінсек, 2016 жылы Токио қаласында өткен Азия чемпионатында синхроншы қыздарымыз 5 қола медаль иеленген. Ал кешірек халықаралық Трофи турнирінің хайлайтс сайысынан қола медаль ұтып алды және Рио-2016 Олимпиадасында 15-орынды сақтап қалдық. Демченко Жанна Геннадиевнаны әрдайым тергеуге шақыруына байланысты ұлттық құраманың жаттығу жұмысы мен ОЖЖ бұзылды. 

6318cea382bfb873c7d5fddef5ca2ffe.jpg

Командада «сүйіктілер» болды деп айтуға негіз жоқ. 2000 жылы Шатная Галина мен Каримова Алия дуэты, 2004 жылы Тоқтаған Арна – Каримова Алия, 2008 жылы Тоқтаған Арна – Керей Айнұр, 2012 жылы Кулькина – Жексембинова дуэттері болса, тек 2016 жылы егіз Немичтер дуэты өнер көрсетті. 2008 жылы мен Олимпиада лицензиясын ұтып алғанымда, Бейжіңге Керей Айнұрды апарды. Сол себепті «сүйіктілер» болды дегенмен келіспеймін.

Жарыстардағы тәуліктік ақшамыз 2000 - 2004 жыл аралығында төленбегені рас. Ол кезде қаржылай көмек болмады. Бір жерде жаттығу жиындары болса, өз қалтамыдан шығарып отырдық. Ал 2008-2012 жыл аралығын алатын болсақ, тамақтану, тәуліктік ақша және жолымыздың шығыны барлығы толықтай төленді. Әйгерім Жексембинова айтқандай Дохада 10-20 доллар алғанымыз есімде. Ал келесі Азия ойындарында берілген жоқ. Себебі үлкен жарыстардың тәуліктік ақшасын бапкер емес штат табыстап береді. 2008 жылғы Пекин Олимпиадасына 100 доллар көлеміндегі тәуліктік ақшаны штаттан ведомосқа қол қойып алдық. Мен ол кезде бапкер ретінде барған едім. 

Жеңістеріміз үшін сыйақымызды әрдайым алып тұрдық. Мәселен, 2006 жылғы Дохадағы Азия ойындарының қола жүлдесі үшін 800 АҚШ долларын алдым, ал 2010 жылғы Азия ойындарының қоласы үшін барлық команда мүшелері мемлекеттен 3000 доллардан алды. Есімнен шықпаса сол кезде ең бірінші Теміртау спортшыларын құттықтады. Оларға ноутбуктер берілген. Ал алматылық спортшыларға Медеуде концерт қойылып, соңынан 1500 доллар сыйақы берілді. Астананы неге марапттағанын білмеймін. Алайда, кейіннен Астананың атынан шыққан спортшыларды жақсы «адидас» киім-кешегімен бастан аяқ киіндірген. 

ff46c57fbf3cd408eca8767cb2c4cb65.jpg

Жүзу киімдерін 3 рет өз қаражатымызға алғанымыз анық есімде. 2002-2003 жылдары жасөспірім болған кезде 30-40 долларға тіктік. Сосын 2006 жылы 10000 теңгеге тіктірттік. Ал құны 400 доллар тұратын жүзу киімдерін сатып алғанымыз өтірік. Қыздар айтып отырған 2013 жылғы Барселонадағы халықаралық турнирде сатып алғанымыз рас. Бірақ киімдерді тіктіру ойын сол Исаева Әйгерім мен Жексембинова Әйгерім ұсынды. Ешкім мәжбүрлеген жоқ. Оның құны 400 доллар емес, жаңылыспасам 250 долларды құрады. 

Жаттығу жиындарына барған кезде поезде бос орындар болғаны рас. Кейде туған туыстарымызбен кездесу үшін ұшақпен тезірек баруға тура келеді, ал поезге алынған билетті қайта тапсыруға мүмкіндік бола бермейді. Сол себепті поездерде бос орындар пайда бола бастайды. 

Медальдарды сыйлау мәселесіне келсек, ол әркімнің өз еркі. Бергің келсе бер, бермесең ешкім cенен жұлып алмайды ғой. 

Спортта жүрген соң адамдарға мейірімді болу керек. Кінәні біреуден ғана іздей бермей, өзіңе де қарау керек. Бапкеріміздің ақша жымқыруы жайлы айту әлі ерте. Қолда нақты дәлел болмай тұрып бапкерге жала жаба алмаймын, оны жақтамаймын да. Құзырлы органдар тергеу жұмыстарын аяқтап өз шешімін берсін.

Cұхбаттасқан Дулат Кәрібай

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или