«Барселона» «Реалдың» бұрынғы ойыншысын алмақшы
«Депортиво» қорғаушысы Хуанфранға «Барселона» қызығушылық танытып отыр, деп хабарлайды Mundo Deportivo.
Каталондық клуб жарақат алып, маусым соңына дейін футболсыз қалған Алейш Видальдың орнына ойыншы іздестіруде. Трансферлік терезенің жабылып қалғанына қарамастан «Барселона» Испания біріншілігінің ережесіне сәйкес осы елдің чемпионатында ойнайтын, болмаса келісім шарты аяқталып бос жүрген кез келген ойыншыны қатарларына қоса алады.
Хуанфран негізі ағылшындық «Уотфорд» ойыншысы. «Депортиво» клубында жалда ойнап жүр. Ең қызығы ол «Барселона» клубының ежелгі бәсекелесі «Реалдың» түлегі болып табылады. Тіпті ол «Реал» үшін бір ресми ойынға қатысқан.
«Барселона» Хуанфранмен қатар «Малага» қорғаушысы Роберто Росалестің де кандидатурасын қарастыруда.