Тарих парағында: Олег Воскобойников
Қазақстанда оны Бартез деп атайтын – бет-әлпеті ұқсағаны үшін ғана емес, қақпадағы сенімді ойыншы үшін. Француз голкипері секілді Воскобойников та алаңда қатал мінезімен көзге түсетін, қақпадағы өзінің әріптестеріне бірінші нөмір болуға мүмкіндік бермейтін. Кез келген клубта осылай еді.
Футболға оны әкесі алып келді, өзі де бұрынғы футболшы, Таразда кәсіпқой деңгейде өнер көрсеткен. Үлкен Воскобойников жас Олегке көптеген қабілеттер сыйлады, соның арқасында ол болашақта мықты спортшы бола алады: тәртіп, жұмысқа қабілеттілік, үлкендерге құрмет. Оны қаталдықпен тәрбиеледі. Воскобойниковтар отбасы ауқатты тұрғанымен, баласы, тіпті, шабан болып да қызмет еткен. Мұның өзі жақсы ниетпен жасалған дүние. Жайлаудағы жұмысынан бөлек Олег алаң мен бақта жұмыс істеп, көкөніс өсіруге көмектесетін. Ал бұл жұмыс, өз кезегінде, оған болашақта қақпашылық мансабында көмектесті – қолының буыны шыңдалып, ол жарақат алмайтын еді.
Воскобойниковтың алғашқы бапкері – Төлеген Орымбаев. Онымен бірге болашақта атақты футболшыларға айналған Бағлан Ергешев пен Максим Мельников жаттықты. Алдымен, Олег шабуылда ойнады, оған осы позиция ұнайтын. Алайда кейін жаттығулардың бірінде қақпашы болмады, сондықтан Воскобойниковты қақпаға қойған. Оған ұнап қалды, әкесі де голкипер болған еді. Мектепте оқып жүргенде-ақ Олег кәсіпқой футболшы болатынын білетін. 1989 жылы түркістандық «Монтажникте» алғашқы жалақысын алған соң, оқудың қажеті жоқ екенін түсінеді. Расын айтқанда, әкесінің пікірі басқаша еді. Сондықтан, мектептен кейін Олег институтқа түсуге мәжбүр болды. Сол кезде ол «Томириске» ауысып, Нұркен Мазбаевпен бірге өнер көрсетті. Артынша қақпашының отбасында үлкен қайғы болды – ата-анасы дүниеден озды. Тек футбол ғана осы қайғыдан айықтыра алды.

- Өзімді футболшы ретінде білетінім, ешқашан екінші нөмірлі қақпашы болмадым, маған мұндай рөл ұнамайтын, - деп есіне алды Воскобойников «Футбольные весты» журналына берген сұхбатында. – Негізгі құрамда шығу үшін барымды салатынмын. Есімде, 92-ші жылы «СКИФ-Ордабасы» командасы құрылды, ол кезде бізде Слава Радтке деген қақпашы болатын. Негізгі құрамда еді, бірақ мен ақырындап өз жұмысыммен командада бірінші нөмір болуға лайықты екенімді дәлелдедім, қосалқы голкипер деген рөлге шыдай алмайтынмын. Маған мүмкіндік бергенде оны сәтті пайдаланып, қақпадағы орнымда басқа ешкімге берген жоқпын. Сол Радтке, Новиков, Ишутин, Востриковтардың ойындары ұнайтын. Кәсіпқойлық тұрғыда Юрий Ишутиннен көп нәрсе алдым. Өз әріптестерімнің ең жақсы тұстарын өз бойыма сіңіріп алатынмын. Жасы үлкен қақпашылармен бірге жаттығып жүргенде, солардың қозғалыстарын, допқа секіріп, оны ұстап алу мәнерлерін қайталауға тырыстым.
Футболдағы ең үздік жылдарын Воскобойников «Таразда» өткізіп, жамбылдық клубпен бірге ел чемпионы болды да, үш рет жылдың үздік футболшысы атанды. Сол команданы басында Құрбан Бердиев жинақтаған, құрамды жасап болған соң, оған Ресейге кетуге тура келді. Ваит Талғаев келген соң, ол да Қазақстан құрамасының қақпашысына сенім білдірді. Воскобойников екі маусым бойы «Таразда» ойнап, кейін сонша уақытты «Атырауда» өткізді де, чемпионаттың «күміс» медалін жеңіп алды. Қызылордаға сапары сәтті өтті, ол 1999 жылы «Қайсармен» бірге Қазақстан кубогында топ жарды.

- Маған бапкерлермен жолым болды, - дейді Воскобойников. – Ваит Талғаев, Владимир Никитенко, Бақтияр Байсейітов, Юрий Хакимов секілді бапкерлермен жұмыс істедім... Олардың әрқайсысына да алғыс айтамын!
Ұлттық құрамада голкипер 24 матч өткізді. Алғашқы кездесуінде 1994 жылдың сәуірінде Бауыржан Баймұхамедовтың қол астында Тәжікстанға қарсы ойнаған. Сол кезде қазақстандықтар Ташкенттегі халықаралық турнирдің аясында қарсыласын 1:0 есебімен жеңген болатын. Воскобойников үшін құрамадағы ең үлкен жетістік 1998 жылғы әлем чемпионатының іріктеуінде финалдық кезеңге шығуы саналады. Футболшының өзі ұлттық команданың ең басты мақсат болғанын мойындады. Бұл үшін Воскобойников чемпионатта сенімді өнер көрсетуге тырысты. Олегтің басқа бәсекелестерінен бір бас жоғары тұрғанын барлық бапкер де білетін, бірақ сол тұста көптеген талантты қақпашылар болған. Мысалы, Давид Лория.
.jpg)
- 99-шы жылы «Астанада» Лориямен бірге ойнадым. Ол жас еді, бірақ жаттығуларда Давидтің жанары жанып тұратын, қақпадағы орынды басқа ешкімге бергісі келмейтін еді. Тамаша бәсекелестік! Ал қазір көптеген қақпашыларға қарайсың да, сол эмоцияларды көрмейсің, - дейді Воскобойников өз сұхбатында. «Атырау» мен «Ақтөбеден» соң ол «Ордабасы» мен «Таразда» ойнады, ал 2006 жылы өз уақытының да келгенін түсінді. Сол уақытқа дейін өз мансабын аяқтаса да, кез келген уақытта алаңға шығып, командасына көмектесу үшін қосалқы құрамда саналатын. Артынша Воскобойников шымкенттік командада қақпашылардың бапкері болуға ұсыныс алды. Сол жақта төрт жыл жұмыс істеді. 2014 жылдан бері алматылық «Қайраттың» қақпашыларын жаттықтырып жүр және бүгінде Қазақстанда осы амплуа бойынша шебер мамандардың бірі саналады.
Елдің үздік футболшысы атағын үш рет жеңіп, талай жетістікке қол жеткізген Воскобойников Қазақстанның тарихтағы ең үздік футболшыларының біріне айналды. Алайда ол әлі де «Қайратта» құрама қақпашыларымен жұмыс істеп, отандық футболдың болашағы үшін үлкен үлесін қосу арқылы сүйікті ісімен айналысып жүр.