«Ақтөбе» ФК бұдан былай өз футболшыларының жалақыларын жарияламайды
«Ақтөбенің» бас директоры Мақсат Тумалиев клубтың ресми сайтына берген сұхбатында футболшылардың айлықтарын көпшілікке жарияламайтынын мәлімдеді.
«Ақтөбе» футбол клубы бұдан былай өз футболшыларының жалақыларын жарияламайды. Мақсат Тумалиевтің айтуынша, жалақыны жария ету команданың біртұтастығы мен ынтымағын жоғалтады. Естеріңізге сала кетейік, өткен маусымның соңында «Ақтөбенің» бүрынғы директоры Дмитрий Васильев командадағы бірқатар ойыншылардың жалақыларын жариялаған болатын. Соған сәйкес, ең көп айлық Алексей Щеткиннің еншісінде болыпты. Ол айына 9 млн. теңге алып келген. Самат Смақовтың жалақысы - 6 млн. теңге. Ал бас бапкер Юрий Уткульбаев 3,5 млн. теңге жалақыны «қанағат» тұтқан. Бірақ Васильев өзінің жалақысын көрсетуді «ұмытып» кеткен. Алайда, кейін оның да айлығы белгілі болды. Әу баста көрсетілгендей 350 мың емес, айына 4 млн. теңге жалақы алып жүрген ол ақыры абақтыға қамалды.
«Менің түсінігімде бұл нәрсе әр футболшының жеке шаруасы. Командадағы ойыншылардың жалақыларын жариялаудың соңы ұжымдағы алауыздыққа, ренішке, қызғанышқа әкеліп соқтыруы мүмкін. Футболшылар толығымен футболға беріліп, басқа нәрселерді ойламайтындай болуы тиіс. Профессионал болып қалуы қажет. Былтыр футболшылардың жалақыларын жариялағаннан клуб әлі де зардап шегіп жатыр. Наразылықтары мен реніштерін білдіргендер көп. Бюджет бар, біз соған жауап береміз. Міне, клубтың ұстанымы осындай болуы тиіс», - деді ол.
Айта кетейік, бұл күндері «Ақтөбе» Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Клуб қақпашы Андрей Сидельников, Дамир Дәуітов, Берік Айтбаев, Рафкат Аслан, жартылай қорғаушылар Бауыржан Байтана, Рахымжан Розыбакиев және бразилиялық легионерлер Кассиано, Витор Жуниор, Жуниньомен келісімшартқа отырды.