Саломон Калу Кот-д’Ивуар құрамасынан кететінін айтты
«Герта» командасының шабуылшысы Саломон Калу бұдан былай Кот-д’Ивуар құрамасында ойнамайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ол АҰК-да Марокка құрамасынан ұтылғаннан кейін айтты.
«Менің жасым қазір 31-де. Бұл мен үшін алтыншы Африка Ұлттар Кубогы. Бұл турнирде біздің жолымыз болмады. Біздің құрамада Франк Кесси, Вильфрид Заха секілді жас ойыншылар бар. Менің ойымша, олар Кот-д’Ивуар футболының болашақтары. Мен оларға сәттілік тілеймін», — деген Саломон Калудың сөзін Newvision келтіреді.
Африка Ұлттар Кубогы-2017 турнирінде Кот-д’Ивуар құрамасы топтық кезеңнен ары аса алмаған болатын. Үш ойынның екеуін тең ойнап бірінде ұтылған Саломон Калудың командасы «С» тобында тек үшінші орынды иемденген.
Саломон Калу Кот-д’Ивуар құрамасы үшін 2007-ші жылдан бастап 92 ойын өткізген. Сол ойындарда 28 рет мергендігімен танылған. «Герта» клубына дейін «Фейеноорд», «Челси» және «Лилль» командаларында ойнаған.