Григорий Бабаян: «Кабанангаға қатысты бізге үнемі хабарласады»

Григорий Бабаян: «Кабанангаға қатысты бізге үнемі хабарласады»

«Астананың» аға бапкері Григорий Бабаян Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында елордалық ұжымның шабуылшысы Жуниор Кабананганың Африка ұлттар кубогындағы өнері жайлы айтып берді. 

- Григорий Константинұлы, Жуниордың Африка кубогындағы өнеріне қандай баға бересіз? 

- Жуниор өте қарапайым, еңбекқор футболшы. Физикалық дайындығы жақсы. «Астанаға» ауысқан кезде аз гол соғатын, бірақ сонда да пайдалы ойнайтын. Кейін біз оны түркиялық клубқа жалға бердік, артынша бізге қайта оралып, керемет ойын көрсете бастады. Әрине, Африка кубогында оның нәтижелі ойнайтынын ешкім күтпеді.

- «Астанада» сапында жинаған тәжірибесі Жуниорға көмектесті ме, қалай ойлайсыз?  

- Әрине, көмектесті. Себебі ол «Астана» сапында Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасында ойнады, ал бұл керемет тәжірибе.   

- Жалпы «Астананың» қазір шабуылы күшейген сияқты. Төрт мықты шабуылшы бар... 

- Бәсекелестік деген жақсы. Әр бапкер қатарында мықтыларды ғана көргісі келеді. Маусым ұзақ болатынын ескерсек, әр ойыншы бізге маңызды. 

- Африка кубогындағы ойынынан кейін Жуниорға шетелдік клубтар қызыға бастаған шығар. Жақсы ұсыныс түссе, «Астана» оны жібереді ме? 

- Жуниорға қатысты бізге үнемі хабарласады. Түрлі агентттер Кабананга жайлы сұрауда. Әрине, супер ұсыныс түссе, біз оны жібереміз. Бірақ біз оны сақтап қалғымыз келеді, себебі Жуниор бізге керек. 

- «Астананың» бапкерлік құрамы Африка кубогында селекция жүргізген жоқ па? 

- Біз тек Жуниордың матчтарын ғана тамашалап жүрміз. Мұндай турнирде мықты ойыншылар көп, бірақ олардың бәрі Еуропаның топ чемпионаттарында өнер көрсетеді. Бұған қоса, «Астанада» жақсы ойыншылар жетеді, бізде лимитке сәйкес 8 легионер бар. Олардың барлықтарына үміт артамыз. Бізге ең бастысы, Жуниордың командаға сау болып оралғаны.   

- Африка кубогынан кейін Жуниорға демалыс бересіз бе?

- Ол қазір керемет бабында, бірақ әрине, біз оған демалыс береміз. 

- Тағы бір мықты легионеріміз Неманья Максимович «Астанада» қалатын болды ма?

- Қазір клуб басшылығы бұл мәселеге қатысты шешім қабылдауда. Неманья - біз үшін маңызды ойыншы, бірақ ол «Валенсияға» кетсе, біз оған тек сәттілік тілейміз. Бұл біз үшін жақсы пиар болады. Максимович «Валенсияның» негізгі құрамына ілінеді деген ойдамыз. 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или