Универсиада алауын даңқты спортшыларымыз алып жүреді
28-ші қысқы Универсиада алауын Қазақстан бойынша көтеріп өтетін спортшылар мен жастардың тізімі белгілі болды.
Бұл туралы Универсиада ұйымдастыру комитетінің баспасөз қызметі хабарлады. «Бұл маңызды міндетті 1000 адам атқаратын болды. Мың алаугердің 70%-ын ғылым, мәдениет және спорт саласында жетістіктерге жеткен даңқты спортшыларымыз және де жас студенттер құрап отыр». Олардың қатарында грек-рим күресінің 1980 жылғы олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, бокстан 2000 жылғы олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов, 1988 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері Дәулет Тұрлыханов, бокстан екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай, жүзуден 2016 жылғы олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин, Әбу-Дабиде өткен джиу-джитсудан әлем чемпионы Мөлдір Мекенбаева, сондай-ақ, түрлі беделді спортшылар бар. <br /><br />Айта кетейік, жалпы алғанда Универсиада алауы 22 500 шақырым жүріп өтеді. Оның 200 шақырымын алаугерлер жаяу жүріп өтпек. Студенттік ойындардың ресми әуетасымалдаушысы «Эйр Астана» компаниясы алауды аймақтардан Алматыға жеткізеді. Осылайша Эстафета алауы қалған 22 300 шақырымды Алматыға дейінгі жолда өткізеді.