«Қайраттың» жиындағы қарсыластары анықталды
«Қайрат» футбол клубының оқу-жаттығу жиындарында кездесетін қарсыластары анықталды. Бұл туралы клубтың баспасөз-қызметі хабарлады.
Бірінші жолдастық кездесу 12 қаңтарға жоспарланған, алматылық команданың қарсыласы - албаниялық «Кукеси» клубы болмақ, ал екінші спарринг-кездесу 19 қаңтарда өтеді. Бұл жолы «Қайратқа» ресейлік «Оренбург» клубы қарсы тұрады.
Бір қызығы, бұл екі клуб та алматылық жанкүйерлерге жақсы таныс. «Кукесимен» «Қайрат» 2014 жылы Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңі аясында ойнаған болатын. Екі матчтың қорытындысы бойынша «Қайрат» албаниялық клубты жеңіп, келесі кезеңге өткен - 1:0. Ал «Оренбургпен» «Халық командасы» Алматыдағы жолдастық кездесуде ойнаған, сол матчта ресейлік клуб жеңіске жетті - 2:3.
Естеріңізге сала кетсек, «Қайрат» жиынды түркиялық Белек қаласында 5 қаңтарда бастаған болатын. Жиындар 20 қаңтарға дейін жалғасады.