Келер жылы да ҚПЛ әділетсіздік ордасы болғалы тұр
Қазақта «артық қылам деп, тыртық қылды» деген тіркес бар. Біздің футбол федерациямызға тән қасиет болып тұр.
Осыдан бірнеше уақыт бұрын ҚКФЛ атқарушы комитетінің отырысы өткен, сондағы тың өзгерістерді естіген шығарсыздар. Енді командалар екі алтылыққа бөлінбейтін болды.
Рас, бұрыннан қалағанымыз да сол еді. Бірінші кезеңнен кейін-ақ, яғни жазда премьер-лиганың тең жартысы жоғары орындардан үміт үзуші еді. Енді олай болмайтын секілді. Бұл үшін жоғарыда айтқан комитетке қол соғуға болады.
Бірақ жаңағы «...тыртық қылды» әңгімесі осы жерде басталады. Көптеген жанкүйерлер мен мамандар Премьер-лига клубтарының саны 14-ке өседі деп болжаған еді. Жоқ, олай болмай шықты. Сол баяғы 12 командалық біріншілікпен қала береміз.
Енді клубтар екі айналымда 22 матч ойнап, чемпионатты аяқтап тастамас үшін оған үшінші айналымды қосып қойды. Үшінші айналымның матчтары Бергер кестесі арқылы өтеді.
Негізі, бұл Бергер әдісі футболға тән дүние емес. Шахматшылардың ойлап тапқаны бұл. Ал матчтар мына кесте бойынша ойналады.

Мұндағы әділетсіздікті қараңыз. Командалар кездейсоқ тәртіп бойынша ойнамайды. Яғни, бірде фаворитпен кездесіп, келесі матчта аутсайдер немесе ортаңқол командамен ойнаса жақсы емес пе? Ал Бергер кестесінде екінші айналымнан соң жоғары орындарда тұрған командалар тур өткен сайын өзінен төмендегі ұжымдармен кездесе береді. Мысал келтірейік.
Екінші айналымнан соң «Астана» көш бастап тұрсын делік. Ол үшінші айналымның алғашқы матчында ең соңғы орындағы командамен кездеседі. Артынша екінші матчында екінші орындағы, үшінші ойынында үшінші орындағы клубпен күш сынасады. Сөйтіп, төртінші кездесуінде төртінші сатыдағы командамен кездесіп, ақыры 11-ші матчында (үшінші айналымның) 11-орындағы ұжыммен ойнайды. Екінші орында «Қайрат» тұр деп алайық. Сонда «Қайрат» та «Астананың» ізімен жаңағы командалармен кездесіп шығады. Яғни, «Астанамен» ойнаған клуб келесі турда «Қайратпен» күш сынасады. Келесі матчында үшінші орындағы «Ертіспен» (бұл мысал) кездеседі. Сөйтіп, артынша төртінші, кейін бесінші орындағы командамен ойнайды. Бұл әділетсіздік қой. Қатарынан бірнеше тур бойы азулы фавориттермен ойнау әлсіздеу командаларды қажытып тастайды. Мықтылармен ойнап, күштерін сарқып алған оларды артынша ортаңқол командалар оп-оңай ұтып алатыны анық қой.
Мұндайда әдеттегідей жеребе тастау арқылы ойнаған жөн болар еді. Бір турда аутсайдермен, келесіде ортаңқол, артынша фаворитпен ойнағаны дұрыс қой. Командалар да келесі қарсыластарының шамаларын бағалап, өз жоспарларын құра алар еді.
Ал негізі алып қарағанда, үш айналымнан ойнаудың өзі де әділетсіздік. Қашан да өзара матчтарда әр ұпайға таласып, бірін-бірі негізгі қарсыласына балап жүретін командаларымыз бар. Ал келер жылғы маусымда бірі өз алаңында бір ғана матч өткізеді, ал екіншісі бітіспес қарсыласын өз алаңында екі рет қабылдайды. Осындай кезде чемпиондықты үшінші матч шешіп кетсе, тағы бір дау шығады-ау, қалай ойлайсыз?