2016 жыл ауыр атлетикамыз үшін қалай өтті?
Жылдың аяқталуымен барлық салалар белгілі бір қорытынды жасап жатады. Ауыр атлетикада да солай. Негізі, биыл елімізде басқа спорт түрлеріне қарағанда осы ауыр атлетика туралы көп жаңалық болды. Ішінде жақсысы да, жаманы да бар.
Ең алдымен, ірі турнирлерге тоқталып кеткен жөн шығар. Биыл зілтеміршілеріміз үлкен екі жарысқа қатысты - Азия чемпионаты мен Олимпиада ойындары.
Алғашқысы сәуір айында Өзбекстанның Ташкентінде өтті. Бұл додаға еліміздің атынан екі зілтеміршіміз аттанған. 81 келіге дейінгі салмақта Денис Ұланов бақ сынаса, Владимир Седов 94 келіге дейін салмақта сынға түсті. Қос спортшымыз да жұлқа және серпе көтеру жаттығуларында қарсылас шақ келтірмей, алтын медальді олжалап қайтты.
Енді Рио Олимпиадасына тоқталсақ. Төрт жылдықтың басты додасына біз күткен құрам кеткен жоқ. Әлем чемпиондары Нижат Рахимов пен Александр Зайчиков, сондай-ақ, Жазира Жаппарқұлдан басқа анау айтарлықтай жетістігі жоқ ауыр атлеттеріміз барды. Әйтеуір, 8 зілтеміршіміздің бесеуі медальмен оралды. Фархад Харки, Александр Зайчиков және Карина Горичева қола медальді, Жазира Жаппарқұл күміс жүлдені қанжығалап қайтты. Ал Рахимов ауыр атлетикадан жалғыз ғана алтын медаль еншіледі. Олимпиада біткен соң, 85 кг салмақта қола медаль алған румын Габриэль Синкраян допингпен ұсталып, оның жүлдесі артынша қазақстандық Денис Ұлановқа өтті. Тек Арли Чонтей мен Маргарита Елисеева ғана медаль еншілей алмады.
Ал енді ауыр атлетикамыздың биылғы жылдағы басты оқиғасына келейік. Біліп те тұрған шығарсыздар. Допинг дауы...

Рио Олимпиадасына аз уақыт қалғанда Халықаралық ауыр атлетика федерациясы біздің чемпиондарды спорттан шеттетіп тастады. Лондон Олимпиадасының чемпиондары Илья Ильин, Майя Манеза, Светлана Подобедова және Зульфия Чиншанлоның қандарынан пайдалануға тыйым салынған препараттар табылды. Допинг пайдаланды деген айыпталған олар төрт жыл бұрынғы медальдарынан айырылып қалуы мүмкін. Олардың тағдыры келер жылы 27 қаңтарда шешіледі.
Кейін Хьюстондағы әлем чемпионатында медаль алған Алмас Өтешов пен Жасұлан Қыдырбаев та допинг дауына ілігіп, сол жүлделерінен айырылып қалды. Алмас төрт жыл, Жасұлан сегіз жылға жарыстардан шеттетілді. Тағы бір атлетіміз Ермек Өміртай да допинг пайдаланды деген айыппен төрт жыл жарыстарға қатыса алмайтын болды.
Осындай даулардың салдырынан біздің ауыр атлеттеріміз Рио Олимпиадасына қатыса алмай қалуы да мүмкін еді. Абырой болғанда, жаза жеңілдеу көрінді. Риоға баратын он спортшымыздың саны сегізге қысқарды.
Нәтижесінде, 22 жыл бойы құрамамызды жаттықтырып келген Алексей Ни өз қызметінен кетіп, оның орнына Юрий Мельников келді.
Міне, биылғы ауыр атлетикамыздың жаңалықтары осындай. Тірі аңызға айналған Илья Ильин спортпен қош айтысты. Бас бапкер Алексей Нидің енді зілтеміршілеріміздің жеңістеріне балаша қуанып, секіріп жүргенін көре алмаймыз. Ал қазақстандық жанкүйерлер аяқ астынан тағы бір медалімізді тартып алмаса болар еді деп қорқынышпен жүр. Иә, 2016 жыл ауыр атлетикамызға үлкен өзгеріс алып келді. 2017 чемпиондық рухты қайта сыйлайды деп сенеміз.