Екінші Ильиніміз кім болады
Биылғы жыл Қазақстанның ауыр атлетикасында үлкен төңкеріс болды. Бітпейтін допинг дауы, қайтып алынған алтын медальдар, бас бапкер Алексей Нидің қызметінен кетуі...
2008 жылғы олимпиада ойындары сынамаларын қайта тексеру нәтижесі бойынша Қазақстанда, ауыр атлетшілер Илья Ильин («алтын»), Ирина Некрасова («күміс»), Мария Грабовецкая («қола») медальдарынан айырылды. 2012 жылғы Олимпиада ойындарының алтын медальдары Илья Ильин, Майя Манеза, Светлана Подобедова мен Зульфия Чиншанлодан қайтарылып алынды. Одан бөлек, Жасұлан Қыдырбаев пен Алмас Өтешевтің де бастары осы дауға ілікті.
Допинг дауына іліккендердің істері енді 27 қаңтарда Лозаннадағы Спорттық арбитраждық сотында (CAS) қаралады. Істің қалай аяқталатынын сол сәттің еншісіне қалдырайық.
Бұл спортшыларды енді халықаралық жарыстарда әзір көре қоймаспыз. Енді еліміздің намысын кімге жүктей аламыз? Тау көтермесе де, зілтемір көтеруге әлі жететін Толағайларымыз бар ма?
Биыл Рио төрінде өнер көрсеткен Александр Зайчиков, Денис Ұланов, Нижат Рахимовтардан бөлек бүгінде көптеген жас атлеттеріміз шығып келеді.
21 жастағы Айдар Казов бүгінде көпке таныла бастады. Былтыр Азия чемпионы атанған ол әлім біріншілігінде тоғызыншы орыннан ғана көрінген еді. Бірақ биыл Айдар Рио Олимпиадасында қол медаль алуға шамасының бар екенін айтқан болатын.
24 жастағы Ермек Өміртай да былтыр Азияда топ жарған еді. Бірақ әлем біріншілігінде жолы болмады. Бұл жігіт те үлкен жарыстарда ел намысын қорғауға дайын екенін көрсетіп жүр.
Тағы бір Азия чемпионы Рүстем Сыбай халықаралық жарыстарға бұрыннан қатысып жүр. 23 жастағы зілтемірші 2010 жылы Жасөспірімдер арасындағы Олимпиадада қола медаль еншілеген. Содан бері бірнеше жарыстарға қатысып тәжірибе жинап алды.
Енді тірі аңызға айналған Илья Ильиннің жеңісті жолын кім жалғастырады? Қалай ойлайсыз?