«Астана» - «Челси», «Ақтөбе» - «Ливерпуль». Басқалары ше?

«Астана» - «Челси», «Ақтөбе» - «Ливерпуль». Басқалары ше?

Мынадай бір әзіл есіңізде шығар. «Футбол Англияда туды, Бразилияда өсті, Қазақстанда қайтыс болды». Өзімізді шетелмен салыстыруға құмармыз ғой. Сол футболды дүниеге әкелген Англия футболын өзіміздікімен байланыстырып көрсек қалай?

«Астана» - «Челси»

Ең алдымен екеуі де астаналық команда екенін еске салайық. Былтырғы маусымды есептемегенде, «Челси» соңғы жылдары Англияның нөмірі бірінші клубы атанып келді. «Астана» да біздің елімізде осындай атаққа ие. Оның үстіне, екеуінің де қаржы құйып отыратын тіректері мықты.

«Қайрат» - «Манчестер Сити»

Бұл екі ұжым да өз елдерінде ескі клуб саналады. Екеуі де өз жылдарында чемпион атанып, кейін сол күштерін жоғалтып алған. Тек соңғы жылдары ғана жақсы демеушінің арқасында күштілер қатарына қайта қосылды. Түсінгеніңіздей, бұл жерде Қайрат Боранбаев шейхтың рөлін атқарып отыр.

«Ертіс» - «Манчестер Юнайтед»

Бұл екеуі де кезінде өз елдерінің ең мықты ұжымы болған. Бірақ түрлі себептермен сол қауқардан айырылып, турнир кестесінің ортасына дейін түсіп кетті. Енді сол бұрынғы атақтарын қайтарып алмақ. Соңғы жылдары жақсы ойын көрсетіп, еурокубокқа жолдама ала бастады.

«Ордабасы» - «Эвертон»

Бұл пікірмен келіспейтін боларсыз, бірақ, меніңше, дұрысы осы. «Ордабасы» төменгі сатыларға түспейді, жүлделі орындарды жиі еншілей бермейді. Бірақ қашан да жүлделілерге жақын маңнан орын алып, сәті келгенде еурокубокқа қатысады. «Эвертон» да солай.

«Оқжетпес» - «Тоттенхэм»

Бұл екеуі де ешқашан айқын фаворит болмаған. Құрамдарында да анау айтарлықтай жұлдыздар жоқ. Бірақ соңғы жылдары осы екі ұжым да азуларын көрсете бастады. Жоғары орындарға таласып жүр. Екеуі де өз чемпионаттарында фавориттерге күш көрсете алады.

«Ақтөбе» - «Ливерпуль»

Жанкүйерлер. Бірден ойға жанкүйерлер түседі осындайда. Бірі Қазақстанда, екіншісі Англияда ең мықты жанкүйерлерге ие. Оның үстіне, екеуі де «қызылдар». Тарихтары терең болғанымен, соңғы уақытта ортаңқол командалар деңгейіне түсіп кеткен еді. Енді сол «батпақтан» шығуға талпынып жүр.

P.S. Бұл менің жеке пікірім. Алғашқы алтылық осы. Екінші бөлігін келесі аптада жариялаймын. Егер менімен келіспеген тұстарыңыз болса, төменге өз пікіріңізді қалдыра аласыз.

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или