Бокстағы секс-жанжал
Prosports 12 желтоқсанда әлемді дүр сілкіндірген спорттағы оқиғаларды еске алады.
1998 жылдың 12 желтоқсаны – Сандра Миллер жыныстық қатынасқа шақырды деп боксшы Майк Тайсонды сотқа берді

1988 жыл Тайсон үшін оқиғаға бай болды. Ол актриса Робин Гивенспен тұрмыс құрды. Артынша ол Майктың тым ашушаң екенін тікелей эфирде айтып тастады. 7 қазанда бұл жұп ажырасты. Сол жылы Тайсон жол апатына ұшыраған, мұны БАҚ өкілдері суицид деп бағалады. Ал біз айтқан тақырыпқа келер болсақ, 12-15 желтоқсан арасында Сандра Миллер мен Лори Дэвис жыныстық қатынасқа шақырды деп, америкалық боксшыны сотқа берді. Екі жылдан соң ғана Майк Тайсон Миллерге айыппұл төлеп, жазадан құтылды.
1968 жылдың 12 желтоқсаны – Артур Эш «Үлкен Дулығаны» жеңіп алған қара нәсілді алғашқы теннисші атанды

Артур бала күнінен теннисші болуды армандаған, бірақ қара нәсілді адамдар үшін бұлай армандаудың өзі батылдыққа саналатын. Бірақ Эш табыстарға тез қол жеткізді. 1963 жылы ол Дэвис Кубогында АҚШ құрамасына шақырылған алғашқы афроамерикалық атанды.
Үлкен жетістік Эшке 1968 жылы келді. Сол жылы Артур Америка ашық чемпионатында топ жарып, Grand Slam-ді жеңіп алған қара нәсілді алғашқы теннисші болды. Бірақ сол кезде Артур кәсіпқой емес, әуесқой теннисші болып есептелетін. Финалда голландиялық Том Оккерді жеңіп, титулдан бөлек 280 доллар еншіледі. Сенесіздер ме? 280 доллар. Ал финалда жеңіліп қалған Оккер 14 мың долларды қанжығасына басты.

Артур қара нәсілділерді қорғау үшін түрлі ереуілдерде белсенді болған. Бірнеше рет түрмеге отырғанымен, бұл оны тоқтата алмады. Артур Эштің арқасында жүздеген кедей балалар теннис деген спорттың не екенін біле алды.