Ел футболындағы кикілжіңдер
Пайперстің жазасы
Қазақстан футболы УЕФАға өткеннен кейін ел футболында тәртіп орнай бастағандай болды. Ұлттық құқрамамызға шет елдерден бапкерлер келді. Соның бірі болған голландиялық маман Арно Пайперс тәртіп жағынан жаңашашық әкелді. Жаттығу, жиындарға кешігіп келген ойыншыларды жазалаудың еуропалық үлгісін көрсетті. Мысалы жаттығуға кешігіп келген ойыншы барлық команда мүшелеріне жететін торт алып келуге тиіс болған. Немесе, киноға билет сатып алуы тиіс. Осындай жағдайға тап болған Сергей Ларин бірнеше торт сатып әкеліп, әбден әлекке түскен. Нәтижесінде келер жолы жаттығуға ертерек келесің!
Кешкі серуен
Осыдан бірнеше жыл бұрын оңтүстік аудандағы клубтарымызда өзбекстандық легионерлер қаптап жүретін. Қазақ футболына ойындары үйлесетін, әрі арзан тұратын ойыншыларды шымкенттік, тараздық, қызылордалық клубтар көбірек пайдаланатын. Солардың бірі шабуылшы Дільмұрат Назаров «Тараз» сапында ойнап жүрген кезінде тәртіпсіздігімен көзге түседі. Қала ішіндегі ресторандардың бірінде кешқұрымдатып серігіп отырған аяқдопшының үстінен клуб басшылары келіп түседі. Бейресми ақпарат көздерінің айтуынша өзбекстандық легионер алкогольдік сусыннан ұрттап отырғаны сол жерде басшыларға мәлім болған. Содан кейін Назаров клубтан кетуге мәжбүр болады.
Туған күннің «тірлігі»
Қазақстан ұлттық құрамасының белді ойыншыларының бірі болған Дмитрий Бяков Пайперс бастаған құрама сапында үнемі гол соғып, іріктеу кезеңінің кезінде барша Еуропадағы топтардың ішінде 5 гол соғып, мергендер көшінде жүреді. Ал сол ойыншының туған күнін қалай тойлағанын ұлттық құраманың көп жанкүйері біле бермеуі де мүмкін. Алматының мықты бір түнгі клубында ішімдіктен ұрттап, достарының ортасында жақсы кеш өткізіп отырған Дмитрий кенеттен шыққан жанжал нәтижесінде белгісіз біреумен ерегіседі. «Жынды судан» ұрттағаннан кейін іс оңсын ба? Әлгі белгісіз біреу Дмитрийдің жүрек түбінен пышақ сұғып қашады. Одан кейін Бяков үлкен спортпен қош айтысатын шығар деп жүргенде олай бола қоймады. Бойында қайсарлығы мен күш-қуаты бар жартылай қорғаушы футболға қайта оралды.