Қазақстан Премьер-лигасының символикалық құрамасы – 2016
Prosports биылғы маусымның ең үздік он бір ойыншысынан символикалық құрама жасақтады.
Жерар Гоу
27 жаста, бойы 184 см
Клуб: «Қайрат»
Азаматтығы: Кот-д’Ивуар
29 матч, 2326 өткізілген минут, 22 гол, 5 нәтижелі пас, 4 ескерту
Гоу алматылық клубта әр маусым сайын көп гол соғуда. Биыл да ивуарлық шабуылшы ел чемпионатында 22 гол соғып, үздік бомбардир атанды. Кезінде «Краснодардың» негізгі құрамына іліне алмаған Жерар Қазақстан біріншілігінде өзін тапқан сияқты. Өз жұмысын адал атқаратын Гоу еліміздегі ең мықты шабуылшы десек те болады. Тіпті, Деспотович пен Тавамба ивуарлық шабуылшымен бәсекелестікке шыдай алмай «Қайраттан» кетен болатын.

Роман Мұртазаев
23 жаста, бойы 185 см
Клуб: «Ертіс»
Азаматтығы: Қазақстан
32 матч, 2566 өткізілген минут, 18 гол, 3 нәтижелі пас, 3 ескерту
Биылғы маусымның басында Неманья Максимович «Ертістің» шабуылшысы Роман Мұртазаевтан көп нәрсе күтуге болады деген. Жас сербиялық ойыншы қателеспеді. Мұртазаев керекулік клубтың нағыз көшбасшы ойыншысына айналып, бір маусымда 18 гол соққан болатын. Ал маусым соңында «Астана» оны өз қатарына қосты. Жаңа клуб сапында Рома тіпті екі гол соғып үлгерді. Қарағандыдан кеткелі бері Мұртазаев өте нәтижелі ойын көрсетуде. Станимир Стойлов жаңа маусымда бұл ойыншыға үлкен үміт артпақ.

Карлуш Фонсека
29 жаста, бойы 180 см
Клуб: «Ертіс»
Гражданство: Португалия
28 матч, 2417 өткізілген минут, 6 гол, 5 нәтижелі, 11 ескерту

«Қазақстан құрамасы дейсіз ба? Ойлану қажет, бірақ мен соңына дейін португалиялықпын», - деді «Ертістің» вингері. Керекулік клуб үшін Фонсеканы сақтап қалу – үлкен жетістік. Екі маусым бойы Карлуш керемет ойынымен жанкүйерлердің көңілінен шығуда. Техникасы жоғары португалиялық футболшы гол соғып қана қоймай, нәтижелі пастарды да жиі береді. Фонсека «Ертісте» тағы бір маусым өткізетінін айтты. Яғни, португалиялық футболшы өз командасына еурокубоктарда көмектесу үшін қалды. Фонсеканың осал тұсы – бұл оның мінезі. Биыл Карлуш 11 сары қағаз алыпты.
Андрей Аршавин
35 жаста, бойы 172 см
Клуб: «Қайрат»
Азаматтығы: Ресей
28 матч, 1991 өткізілген минут, 8 гол, 7 нәтижелі пас, 5 ескерту

Аршавин өз ойынымен көптеген қазақстандық футбол жанкүйерлерінің жүрегін жаулап алды. Ресейдің 20 ғасырдағы ең мықты ойыншысы «Қайратқа» ауыса салып, гол соғып және ассисттермен көзге түсті. Андрейдің ойынын көру үшін талай жанкүйерлер стадионға келе бастады. Аршавин болса өзінің бұрынғы бабына келіп, Ұлттық құрамаға қайта оралуға дайын екенін көрсетті. Сонымен қатар, ресейлік футболшы талай сұхбат беріп, көптеген пиар-акцияларға қатысты. Аршавин 35-ке келгенімен әлі де мықты екенін дәлелдеді. Андрей әлі де өз ойынымен «Қайрат» жанкүйерлерін қуантпақ. Жақында ғана ол алматылық ұжыммен жаңа келісімшартқа отырған болатын.
Бауыржан Исламхан
23 жаста, бойы 174 см
Клуб: «Қайрат»
Азаматтығы: Қазақстан
31 матч, 2653 өткізілген минут, 17 гол, 10 нәтижелі пас, 3 ескерту, 1 қызыл қағаз

Қазақ футболының басты үміті – Бауыржан Исламхан. «Қайратты» алға жетелейтін футболшылардың бірі. Баторик биыл да нәтижелі ойынымен көзге түсті. Исламхан 17 гол соғып, 10 нәтижелі пас берді. Өте жақсы көрсеткіш. Сонымен қатар, Бауыржан Смақовтың Ұлттық құрамадан кетуіне байланысты команда капитаны атанды. Еурокубокта биыл жолы болмады десеңіз, Исламхан керемет маусым өткізді. «Қайратқа» талай ойындарда жеңіс сыйлап, «Астанаға» қарсы кездесуде үш ассист берді. Тәртібін түзесе, Бауыржан әлі де «қосатыны» анық.
Неманья Максимович
21 жаста, бойы 189 см
Клуб: «Астана»
Азаматтығы: Сербия
31 матч, 2458 өткізілген минут, 3 гол, 2 нәтижелі пас, 1 ескерту

Еліміздегі ең талантты легионерлердің бірі – Неманья Максимович. Сербия жастар құрамасы мен «Астананың» жартылай қорғаушысына талай шетелдік клубтар қызығушылық танытуда. Соған қарамастан, Немо Қазақстаннан кетуге асықпайды. Максимович биыл өте жақсы ойнады. «Астананың» орталық шептегі жетекшісі ойыншысы болды. Жасы 21 болса да, Неманья биыл 31 кездесуге қатысып, үш гол соқты. Ал Сербия жастар құрамасымен бірге Еуропа чемпионатына жолдама алды. Максимовичтің болашағы алда. Ал «Астана» оны неғұрлым ұзақ мерзімге дейін сақтап қалуға тырысатыны анық. Әйтсе де, Немо қазірдің өзінде Еуропада ойнауға дайын.
Гафуржан Суюмбаев
26 жаста, бойы 172 см
Клуб: «Қайрат»/«Ордабасы»
Азаматтығы: Қазақстан
28 матч, 2467 өткізілген минут, 4 гол, 4 нәтижелі пас, 8 ескерту, 1 қызыл қағаз

Гафуржан Суюмбаевты қорғаныстың оң қапталына қоюға мәжбүр болдық. Себебі, Суюмбаев пен Шомкодан жақсы ойнайтын оң қапталдағы қорғаушыларымыз болмады. Сондай-ақ, Гафурды оң қапталға Ұлттық құраманың бас бапкері Талғат Байсұфинов та қойып жүр. Суюмбаев пен Нұрғалиев жазда «Ордабасыдан» кеткен болатын. Словакиялық Лукаш Тесактың кетуімен Суюмбаев «Қайраттың» негізгі қорғаушысына айналды. Аршавинмен бір қапталда ойнаған Гафуржан қорғаныста мұқият ойнап, шабуылдарға жиі қосылып жүрді. Ал оның Дания құрамасына соққан керемет голы әлі есімізде.
Марин Аничич
27 жаста, бойы 192 см
Клуб: «Астана»
Азаматтығы: Босния
27 матч, 2382 өткізілген минут, 3 гол, 2 нәтижелі пас, 2 ескерту

Символикалық құрамасының қорғанысы көбінде Станимир Стойловтың шәкірттерінен жасақталған. Қорғанысқа болгариялық маман көп көңіл бөледі. Ал елордалық клуб қорғанысының символы – Марин Аничич. Босниялық қорғаушы қорғаныстың жетекші ойыншысы. «Астанаға» ауысқан сәтте ел чемпионатын жеңіп, артынша Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасына шыққан болатын. «Астанадағы» ойынын байқаған Босния құрамасының бас бапкері, оны Ұлттық құрамаға шақырды. Қазіргі таңда, Аничич еліміздегі ең мықты қорғаушылардың бірі. Мариннің «Жальгириске» соққан екі голының арқасында «Астана» биыл қайта еурокубоктың топтық кезеңінде ойнады.
Юрий Логвиненко
28 жаста, бойы 187 см
Клуб: «Астана»
Азаматтығы: Қазақстан
25 матч, 2133 өткізілген минут, 2 гол, 1 нәтижелі пас, 6 ескерту

«Еурокубокта ойнау үшін тер төгемін», - деді Юрий әріптестеріне. «Ақтөбеден» ақша үшін кетті дегендерге жауабы да осы. Логвиненко Ресей чемпионатына ауыспақшы болған, бірақ «Ростовтан» нақты ұсыныс түспеген соң «Астанаға» көшуді жөн көрді. Биыл оның және Азат Нұрғалиевтің арманы орындалды. Қос футболшы еурокубоктың топтық кезеңінде ойнады. Логвиненко Аничичпен бірге керемет жұп құрап, елордалық клубқа чемпиондық атағын қорғауға көмектесті. Сонымен қатар, Юра ел чемпионаты мен Еуропада гол соғып үлгерді. Логвиненко өте әмбебап футболшы. Ол орталық қорғаныста әрі қапталда да өнер көрсете алады. Ал Юра сияқты мықты орталық қорғаушы Қазақстанда өте аз. Тіпті жоқ десе де болады.
Дмитрий Шомко
26 жаста, бойы 185 см
Клуб: «Астана»
Азаматтығы: Қазақстан
29 матч, 2545 өткізілген минут, 1 гол, 8 нәтижелі пас, 5 ескерту

«Астананың» қорғаушысы биыл үздік ассистентер қатарына енді. Сегіз нәтижелі пас – қапталдағы қорғаушы үшін өте жақсы көрсеткіш. Әрине, ел біріншілігінде Шомко сынды соққысы мықты әрі «кросс» жүгіре алатын ойыншы көп емес. Есесіне, Дмитрий еурокубокта біраз қателік жіберді. Оның қателігінен кейін «Селтик» Астанада есеп теңестіріп кеткен болатын. Тіпті, жазда клуб директоры қызметін атқарған Марко Трабукки Шомконы клубтан шығармақшы болған. Бірақ көп ұзамай италиялық маман өзі кетіп қалды. Дмитрий болса маусым соңына дейін ойынын түзеп, өз командасына ел чемпионаты мен кубогты жеңу үшін көп пайдасын тигізді. Шомко былтырғыдай ойнамаса да, биыл оның амплуасында одан мықты ойыншы табылмады.
Ненад Эрич
34 жаста, бойы 197 см
Клуб: «Астана»
Азаматтығы: Қазақстан
30 матч, 21 жіберілген гол, 2700 өткізілген минут

Бір гол жіберу үшін Эричке 128 минут керек екен. Биыл Ненад 15 ойында өз қақпасын «құрғақ» ұстап, бір пенальти қайтарған болатын. Эрич «Астана» сапында барлық кубоктарға қол жеткізіп, 200-ден астам матч өткізген болатын. Елордалық ұжыммен бірге Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңдеріне жолдама алған. «Янг Бойзға» қарсы ойын Эричтің «Астана» сапындағы соңғы кездесуі болуы мүмкін. Себебі, келесі маусымнан бастап Ненад легионер болып саналады. Сербиялық қақпашының кезінде «Қайраттың» намысын қорғаған көп адамдар біле бермейді. Бірақ, Алматыда не Астанада болсын, Ненад Эричті қатты құрметтейді. Әрине, «Астанаға» Ненад сынды қапқашыны алмастыру өте ауыр болмақ.