Бруно Соарес: «Шапекоэенсе» трагедиясын естігенде жылап жібердім»

Бруно Соарес: «Шапекоэенсе» трагедиясын естігенде жылап жібердім»

«Қайраттың» қорғаушысы PROSPORTS-ке берген сұхбатында маусым аяқталған соң Алматыда неге қалып қойғанын, «Шапекоэнсе» трагедиясы туралы, сондай-ақ, Қазақстан кубогының финалы Германияда өтсе, қалай болатынын айтып берді.

- Бруно, бразилиялық «Шапекоэенсе» командасы болған ұшақтың трагедиясы футбол әлемін есеңгіретіп тастады. Бұл оқиға саған қалай әсер етті?

- Бұл жаңалықты естігенде жылап жібердім. Бұл өте қиын жағдай және бүкіл Бразилия халқы үшін үлкен трагедия. Біздің елімізде футболмен айналысатын адамдар көп және олар жиі ұшақта болады. Біздің кәсібіміз осындай, отбасымызды қалдырып, басқа қалаға ұшып кетуге тура келеді және біз қайтып ораламыз ба, жоқ па, білмейміз. Бұл өте ауыр.

- Барлық ойыншылар жан-жаққа тарап, демалысқа кетті. Сен неге әлі Алматыда қалдың?

- Осы жақта балаларымның жергілікті мектептегі сабақтары әлі жалғасып жатыр. Бірақ осы аптада сабақ бітеді. Сосын отбасымыз болып, үйге ораламыз. Бразилияда төрт аптадай болып, Алматыға қайтамын.

- Жарақатың мазалап жүрген жоқ па?

- Жоқ, бәрі жақсы. Екі апта бойы қалыпты жаттығу жасадым, екі құрамға бөлініп, матч та ойнадық. Енді «Қайраттың» Түркия мен Дубайда өтетін жиындарында жақсы жұмыс істеуім керек.

- Ауа-райы қиын жағдайда өткен «Қайрат» - «Астана» арасындағы Қазақстан кубогының финалы туралы не айта аласың?

- Мен ойнаған Германияда матчты басқа күнге ауыстыратын еді деп ойлаймын. Мәселе температурада емес, алаңда. Егер көгал жақсы болса, қиындық жоқ, ойнай беруге болады. Бірақ командаларға қиын жағдайда ойнауға тура келді, мұнда «Астананың» жолы көбірек болды.

- «Қайраттан» Тимощук кетіп қалды, ол команда үшін алаңда да, одан тыс кезде де маңызды адам болатын. Оның кеткеніне өкінесің бе?

- Иә, әрине. Бірақ ол мансабын тамаша өткізді, көптеген титулдар жеңіп алды, ол нағыз аңыз! Мен оны үлкен кәсіпқой адам екенін айта кетейін, мен үшін футболда үлгі аларлық ойыншылардың бірі болды. Бас бапкер, көмекші немесе футболшы болса да, алдағы уақытта үлкен жетістіктерге қол жеткізетініне сенімдімін.

- Анатолий қашан да ұжымда атмосфераны ұстап тұратын футболшы болды, ол жаттығу кезінде жиі қалжыңдайтын ба еді?

- Иә, ол соны жақсы көреді (Күліп). Әр жаттығуда шағын бәс немесе турнир болса, ол ішінде белсенді болып жүреді. Егер жеңіп кетсе, өзін ең үздік деп атап, бәріне солай айтады. Ал жеңіліп қалса, шамалы көңілі түсіп кетеді (күліп). Тағы да айта кетейін, Тимощук секілді ойыншымен бір командада ойнағаным үшін қуаныштымын.

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или