Франция-98
Әңгіменің әлқиссасын ауылдан бастасақ. Жамбыл облысы, Тараз қаласының маңындағы Түрксіб ауылында балалық шағым өтті. Ол кезде спорт журналисі боламын деген ой мүлде жоқ. Әйтеуір, арманымда ел басқару, президент болсам деген армандар болғанымен, спорт журналистикасы, жалпы журналис болу деген түсінік, ол туралы тіпті елестету де болған емес. Алайда, үйде жалпы теледидардан болатын футболға қызығушылық, спорт статистикасына қызығушылық баршылық еді. Ағам Дінмұхамед қалың дәптерге АҚШта өткен 1994-жылғы Әлем чемпионаттарының ойындары мен онда гол соққан футболшыларды тегіс теріп жазып жүрді. Менде содан көгенімді істеймін деп бір дәптерді арнап, көрген матчтарымның нәтижелерін жазып жүруге айналдым. Бірақ, ол кезде өздеріңіз білетіндей теледидардан футбол ойындары көп көрсетіле бермейтін. Әйтеуір, не керек 1998-жылы жазда Францияда өтетін Әлем чемпионатын «Хабар» арнасы көрсете бастады. Қырсық қылғанда үйдегі Кеңес үкіметінен қалған «Рекорд» деген теледидар күйіп кетті. «Қырсық шалса, қайыршыға жел қарсы» деген осы шығар. Үшінші сыныпты тәмәмдап жазғы демалыста жүрген уағым. Күн ала қараңғы түскенге дейін бұзаулы сиырды сазға жайып келгеннен кейін, құдықтағы мұздай суға аяқты бір жуып ойынға дайындалам. Үш үйден кейінгі көрші Орал апаның үйінде түрлі-түсті теледидар бар. Кәдімгі импорт техника. Сол шақта көптеген ауыл адамдарының телесериял көре бастаған кезі болатын. Атың өшкір «Даллас» деген телесериял е бітіп болмайтын, созылған сағыз еді. Қалпақ киген, мұнайқазушы Джейа Юйнгті көрсем қаным басыма шабады. Топырлаған ауылдағы өңкей жеңешемдер сериялды көріп бітіп, шай ішіп киноны талқылауға кете бергенде жүгіріп барып теледидар тетігін «Хабарға» ауыстырамын. Ойынның тура 19-минуты болып жатады. Бұл оқиға чемпионат біткенше 1 ай қайталанды. Күнде келем, ойынның 19-минутынан бастап көремін. Оның үстіне матчтар күнара көрсетіледі. Комментатор Амангелді Сейітхан.