Футболымыздың дамығаны рас па?

Футболымыздың дамығаны рас па?

«Қазақ футболы дамыды». Соңғы уақытта көп жанкүйердің пікірі осындай. Расымен де, дамыды ма?

Осыдан тура 10 жыл бұрынғы Премьер-лигамыз есіңізде ме? «Алма-Ата», «Екібастұз» және «Восток» клубтарының әлі «тірі» кезі. Жоғарғы лигада 16 команда ойнайтын. Қазіргі (дамыған) уақытта бұл көрсеткіш 14-ке, көп ұзамай 12-ге түсіп қалды. Ал, тіпті, былтыр ҚПЛ клубтарының санын 10-ға түсіру туралы ұсыныс болғаны есіңізде шығар.

Жалпы, ұлан байтақ елімізде бүгінде кәсіпқой деңгейде ойнайтын 22-ақ команда бар екен. Масқара көрсеткіш қой? Оның 12-сі биыл Премьер-лигада, қалған 10-ы Бірінші лигада доп тепті. Яғни, біздегі барлық кәсіпқой клубтар саны ағылшынның бір Премьер-лигасында ойнайтын командалардан екеуге ғана көп.

Жаңа ғана айтып өткен 10 жыл бұрынғы чемпионатты еске түсірейік. Жоғарғы лигамызда 16, ал Бірінші лигамызда 27 (!) команда ойнайтын. Екінші дивизиондағы клубтар саны көп болған соң оны екі конференцияға бөліп тастаған еді. Бұл көрсеткіш былтыр 13-ке, ал биыл 10 клубқа дейін қысқарып қалды.

Сонда біздің федерация санды азайту арқылы, сапаны көбейтуге тырысқан секілді ме, қалай ойлайсыз? Жарайды делік, бірақ сол сапа өсті ме? Иә, еурокубоктарда сәтті өнер көрсете бастадық, Аршавин мен Тимощук Қазақстанда ойнап жүр. Мақтанарымыз сол. Бірақ, қазақ футболының түлегі шетел асты ма? Жоқ. Құрамамыз жақсы нәтиже көрсетіп жүр ме? Жоқ.

Негізі, футбол клубтарының санын көбейту қажет секілді, меніңше. Жаңа біз айтқан кәсіпқой 22 клубта 500-ге жетер-жетпес қазақстандық ойыншы өнер көрсетеді. Сонда 17 миллион халықтың 500-і ғана кәсіпқой футбол ойнайтын болғаны ма? Өзіне ойнайтын клуб таба алмай жүрген жас футболшылар көп. Енді қайтсін? Клубтар саны аз, әуесқой деңгейде доп теуіп жүреді де, мансабын аяқтай салады. Мүмкіндік тым аз.  

Ал біз футбол дамыды дейміз. Сіз қалай ойлайсыз?

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или