Бекініске бекемдер. Маусымның үздік қорғаушылары
Үздік қақпашылар хит-парадынан кейін маусымды жоғары деңгейде өткізген қорғаушылардың кезегі келді. Шабуылдар матчта жеңіс сыйласа, қорғаныс титулдар әкеледі. Сондықтан тізімнің алғашқы орындары «Астананың» ойыншыларына берілді.
7-орын
Георгас Фрейдгеймас
29 жаста, 185 см
Клуб: «Ертіс»
Азаматтығы: Литва
Позициясы: орталық/оң қапталдағы қорғаушы
29 матч, 2603 минут, 1 гол, 5 ескерту

Литвалық қорғаушы маусымды өте тамаша өткізді. Оның сапалы ойыны назардан тыс қалған жоқ – Фрейдгеймас өз елінің құрамасына тұрақты түрде шақырылып тұрды. «Ертіс» сапында жарақат алған футболшылардың көп болуына байланысты Георгас бірнеше матчты орталық қорғаныста өткізіп, өзін жақсы қырынан көрсетті. Литвалық ойыншы «Ертіске» жалға берілген болатын, негізі ол «Жальгириске» тиесілі.
Сөзбе-сөз
7-турда «Астанамен» (2:2) тең түскен соң:
Иә, қорғаныста сүреңсіз ойнадық деуге келмейді, бірақ біздің қарсыласымызға да қарау керек! Қазіргі жағдайымызға көңіліміз толмайды, себебі әр ойындағы мақсатымыз – гол жібермеу. Үш гол айырмашығымен жеңіп жатқан матчтарда да қорғанысқа көп көңіл бөлеміз.
6-орын
Елдос Ахметов
26 жаста, 185 см
Клуб: «Ертіс»
Азаматтығы: Қазақстан
Позициясы: сол қапталдағы қорғаушы
23 матч, 2003 минут, 4 гол, 4 нәтижелі пас, 4 ескерту, 1 қызыл қағаз

«Ертістің» сол қапталында Ахметов өнер көрсетті, ол да ұлттық командаға жиі шақырылып тұрды. Елдос «Астана», «Ақтөбе», «Ордабасы» және «Ақжайық» қақпаларына гол соға алды. ҚПЛ-дың бірінші кезеңінде футболшы қорғаныстың оң қанаты мен сол қанатында және орта бөлікте ойнады, сондай-ақ, оң қапталдағы жартылай қорғаушы міндетін де атқарып шықты. Былтыр Ахметов көбіне қосалқы құрамда қалатын, ал биыл өзіне берілген мүмкіндікті жіберген жоқ.
Сөзбе-сөз
2-турда «Ақжайық» (3:0) қақпасына гол соққан соң:
Гол соқпағаныма көп болып еді, бүгін сондай мүмкіндік туды және оны сәтті пайдаландым. Гол, расымен де, пайдалы болды, бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Менің негізгі міндетім – қорғаныс.
5-орын
Жарко Маркович
29 жаста, 204 см
Клуб: «Қайрат»
Азаматтығы: Сербия
Позициясы: орталық қорғаушы
28 матч, 2432 минут, 2 гол, 2 нәтижелі пас, 6 ескерту

Бойшаң футболшыға биыл әр түрлі қорғаушымен бірге ойнауға тура келді. Алдымен Тимур Рудосельскиймен кейін Лукаш Тесакпен ойнады, артынша Станислав Лунин және Ғафуржан Сүйімбаевпен бірге өнер көрсетті. Ал маусымды Сезар Арзомен бірге аяқтады. Қай қорғаушымен ойнаса да, Маркович сенімді болды. Жақында Марко «Қайратпен» келісім-шартын ұзартты, енді 2018 жылға дейін жанкүйерлерді өз ойынымен қуанта алады.
Сөзбе-сөз
28-турда «Астананы» (1:0) жеңген соң:
Әрине, ауыр ойын, біз жақсы футбол көрсететін екі үздік командамыз. Бүгін мінезімізді көрсетіп, жеңіске жеттік. Есептің қандай екені маңызды емес, маңыздысы – үш ұпай. Біз кез келген жеңіске қуаныштымыз.
4-орын
Марин Аничич
27 жаста, 192 см
Клуб: «Астана»
Азаматтығы: Босния және Герцеговина
Позициясы: орталық қорғаушы
27 матч, 2382 минут, 3 гол, 2 нәтижелі пас, 2 ескерту

Аничич Логвиненкомен бірге тамаша ойнап, қарсыластың шабуылдарын сенімді тоқтата алды. Сондай-ақ, қорғаушы «Ақтөбе» қақпасына жеңіс голын соғып, «Қайраттың» «Астанаға» жақындауына мүмкіндік бермеді. Чемпионаттағы ойындардан бөлек босниялық футболшы еурокубоктарда да жақсы ойнады. Марин биыл Босния және Герцеговина құрамасына шақырту алып, Люксембургке қарсы матчта дебютін өткізген болатын.
Сөзбе-сөз
Босния және Герцеговина сапында Люксембургке (3:0) қарсы дебютінен соң:
Әрине, бәрі гол соққысы келеді. Бірақ маған қорғаныстағы жұмысымды атқару керек. Егер құрамада ойнасаң, өз рейтингіңді көтересің. Саған еуропалық клубтардың көзі түсіп, келісім-шарт ұсынуы мүмкін. Әрине, мен қазір жақсы клубта ойнап жүрмін, бірақ құрама – бұл басқа нәрсе.
3-орын
Ғафуржан Сүйімбаев
26 жаста, 172 см
Клуб: «Қайрат»/«Ордабасы»
Азаматтығы: Қазақстан
Позициясы: сол қанаттағы қорғаушы
28 матч, 2467 минут, 4 гол, 4 нәтижелі пас, 8 ескерту, 1 қызыл қағаз

Биыл Сүйімбаев маусымды тамаша бастаған соң, жазда оған «Қайраттың» назары ауды. Ғафуржан жаңа ұжымға бірден сіңісіп кетті де, Лукаш Тесактың орнын жоқтатқан жоқ. Футболшының ойыны Талғат Байсуфиновке ұнап қалғаны сонша, оны құрамада түрлі позицияларға қойып жүр.
Сөзбе-сөз
Қазақстан құрамасы Әзірбайжанды (1:0) жеңген соң:
Мен Дима Шомкодан жоғары ойнадым, міндетім – қаптал арқылы шабуылға араласу. Қорғаныс кезінде тапсырмам басқаша болды. Мен де ортаға жиі ығысып ойнадым, олар өздері допты беріп қойды, тоқтатып алдым да, жиырма метрден қақпаға соққы жасадым. Жолым болмай қалды.
2-орын
Дмитрий Шомко
26 жаста, 185 см
Клуб: «Астана»
Азаматтығы: Қазақстан
Позициясы: сол қанаттағы қорғаушы
29 матч, 2545 минут, 1 гол, 8 нәтижелі пас, 5 ескерту

Былтыр Дмитрий редакциямыздың нұсқасы бойынша маусымның үздік қорғаушысы атанған болатын. Бұл жолы Шомко сол нәтижені қайталамаса да, жоғары деңгейлі ойынын көрсете алды. «Оқжетпеске» қарсы ойында нәтижелі пастардан хет-трик жасағаны не тұрады? Қорғаушы допты тартып алуда шебер, шабуылға да жиі араласуға құмар. Осының арқасында қорғаушы ҚПЛ-дағы үздік ассистенттер тізімінде үшінші орын алған болатын.
Сөзбе-сөз
«Оқжетпеске» (3:0) қарсы ойындағы ассистенттік хет-триктен соң:
Менің мақсатым допты айып алаңына – жеткізу, олардың мақсаты – гол соғу. Бүгін қолымыздан келді, жеңіске деген жігеріміздің арқасында үш ұпай еншіледік. Өз футболымызды көрсете береміз. Ешкімге қарамаймыз, маңызды жеңіс: алаңға шығамыз да, жеңіске жетеміз.
1-орын
Юрий Логвиненко
28 жаста, 187 см
Клуб: «Астана»
Азаматтығы: Қазақстан
Позициясы: орталық қорғаушы
25 матч, 2133 минут, 2 гол, 1 нәтижелі пас, 6 ескерту

Ең үздік қорғаушы атағын «Астананың» ойыншысы Юрий Логвиненко алды. Қорғаушы қарсыластың шабуылдарын тоқтатып тастап, екінші қабатта өте сенімді ойнады және ең маңыздысы, бір паспен-ақ өз командасының шабуылын бастап берді. 28 жастағы футболшы шетелдік чемпионаттарда ойнай алатын отандық жалғыз қорғаушы секілді көрінеді.
Сөзбе-сөз
25-турда «Оқжетпеске» (0:0) қарсы ойыннан кейін чемпион атанған соң:
Қашан да алдыма жоғары мақсаттарды қоятындықтан, «Астанаға» ауыстым. Осы клубпен бірге бірінші орынға таласатынымды білдім. Маусым бойы тұрақтылықты сақтай алған команда чемпионатты жеңіп алады.
