Ройстон Дренте ҚПЛ-ға ауысуы мүмкін
Маусымаралық үзілісте голландиялық футболшы Ройстон Дренте Қазақстан чемпионатына ауысуы ықтимал.
Отандық БАҚ өкілдерінің ақпаратына сүйенсек, 29 жастағы ойыншы бүгінде Қазақстанның екі клубымен келіссөз жүргізіп жатыр. «Реал Мадрид» пен «Эвертонның» бұрынғы ойыншысы түркиялық «Кайсери Эрджиесспор» және Араб Әмірлігінің «Бани Яс» командаларынан жалақыны кешіктіргені үшін кетіп қалған болатын. Енді ол өз назарын Қазақстанға бұрыпты.
Дренте жартылай қорғаныстың қос қапталында және орта бөлігінде де ойнай береді. Ал БАӘ-де ол сол қанаттағы қорғаушының қызметін атқарды.
Айта кетейік, Ройстон Дренте 2007-2012 жылдар арасында «Реал Мадридтің» намысын қорғады. Бірақ сол уақыттың ішінде бір маусымды «Эркулесте» өткізсе, тағы бір жыл «Эвертонға» жалға берілген болатын.