Ұлттық құрама-2016. Қорытынды. 1-ші бөлім

Ұлттық құрама-2016. Қорытынды. 1-ші бөлім

Prosports тілшісі еліміздің басты командасы биыл қандай оқиғаларды бастан кешіргеніне тоқталып өтті.

 Бапкер таңдау

Құрамаға бас бапкерді қаңтар айында тағайындаймын деген Ерлан Қожағапанов көктемге дейін уақыт созып жүре берді. Құрама бас бапкерінің кандидаттығына шетелдік белгілі мамандар ғана енген. Бірақ даниялық Мортен Ольсен өз елінде қалуды жөн көрсе, француз Эрве Ренар африкалық кезекті құраманың тізгінін ұстады. Владимир Вайсс ұзақ уақыт бойы күтіп жүрді де, ақыры грузин футболшыларын жаттықтыратын болды. Артынша белгілі болғандай, құраманың бас бапкері қызметіне Қожағапанов Дженнаро Гаттузоны қойғысы келген. «Гаттузоның ҚФФ-мен келісім-шарты толығымен жасалып қойғаны соншалық, ол өз балаларын Астанада қай мектепке беретінін де біліп жүрді» - бұл италиялық маман мен ҚФФ арасындағы келіссөзде делдал болып жүрген Марко Трабуккидің сөзі. Бірақ Гаттузо «Пизамен» бірге Б Сериясына жолдама алып, Қазақстанның ұсынысынан бас тартты. Шетелден бапкер шақырып үлгермегендіктен құрама тізгіні Талғат Байсуфиновке берілді.

 Красножанның мұрасы

Юрий Красножанның бапкерлік штабы жасап кеткен үлкен жұмыс әлі де өз жемістерін беруде. Қазақстан құрамасы бүгінде ресейлік маман жасаған іргетас бойынша ойнап жүр. Жылдың басындағы жолдастық матчта команда Красножанның қойып кеткен үлгісі бойынша ойнады. Мысалы, Қытайға қарсы матчта Максим Жалмағамбетов мынадай пікірде болды: «Қазіргі құрама - Красножанның мұрасы, жаңа штаб, әрине, өз үлесін қосты. Бірақ аз уақыттың ішінде жаңа команданы құрып шығу мүмкін емес».

Іріктеу турниріндегі ойындардан да сол ресейлік маманның ізін көруге болады. Красножанның штабына кірген Виталий Кафанов осылай деді: «Жаңа бапкердің қалай жасайтынын білмеймін, бірақ тактикада, тәріпте және футболды түсіну бойынша Красножанның жұмысы көрініп тұр». Нақты айтар болсақ, Красножан команданы бес қорғаушыдан тұратын жүйеге үйретті. Футболшыларға ұжымдық мінездің не екенін түсіндірді, нәтижесінде қиын сәтте команда қос гол соға алды (Қытайға және Польшаға қарсы ойындарда). Красножан баптаған құрама іріктеу кезінде бір ғана матчта азусыз көрінді - Астанада Исландияға (0:3) қарсы ойында. Ал Байсуфиновтың құрамасы бір күздің ішінде Черногориядан 0:5 және Даниядан 1:4 есебімен жеңіліп қалды. Қазіргі құрамамызға тұрақтылық жетіспейді.

 Қонысбаевтің жарақаты

Қытайға қарсы жолдастық матч ойынның өтетін уақыты үшін ҚФФ мен «Қайрат» арасында үлкен дау шығарды. Нәтижесінде алматылық клуб өз ойыншыларын Талғат Байсуфиновтың ұжымына қосқан жоқ. Ойында байқағанымыздай, бұл істері дұрыс болған да секілді. Даляньде өткен матч Ұлан Қонысбаевтың ауыр жарақат алуымен аяқталды. «Атыраудың» ойыншысы аяғын сындырып алып, маусымды сол кезде бітіріп тастады. Содан кейін жеңістің өзі іште қалған кірбіңді кетіре алған жоқ. Құрама өзінің тәжірибелі ойыншысынан айырылып қалды, ал Ұланның өзі сол кездегі деңгейіне қашан шыға алатыны уақыттың еншісінде.

Мұндай жарақаттар құрамада бірінші рет болып тұрған жоқ. 2009 жылы Сергей Остапенко Англияға қарсы ойында айқыш байламын үзіп алып, бір жыл бойы емделді де, артынша 29 жасында мансабын аяқтаған болатын. Ал 2012 жылы Сергей Хижниченко Қырғызстанмен өткен ойында осындай жарақат алып, 8 айдай алаңға шыға алмағаны есімізде.

 Бішкектегі сәтсіздік

Қырғызстанмен ойын 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турниріне дайындық қана болған. Біздің құрама оңтүстік көршілеріне қарсы кездесуге селқос қарағандай көрінді. Бішкекке ойын күні бір келген Байсуфинов командасы жеңіліп қалды да... өз атын тарихқа жазып қалдырды. Қазақстан мемлекет ретінде тәуелсіздік алғалы футбол матчтарында Қырғызстаннан жеңілмеген еді, ал екі жыл бұрын, тіпті, 7:1 есебімен тас-талқан еткен болатын.

Асхат Тағыберген сол ойыннан кейін былай деген еді: «Намысы бар кез келген адам секілді бұл жеңіліс үшін ұяламын». Ерлан Қожағапановтың ҚФФ-ны басқарған сәті көптеген себептер бойынша есте қалады, солардың бірі - Бішкектегі тарихи матч.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или