Ұлттық құрама-2016. Қорытынды. 1-ші бөлім
Prosports тілшісі еліміздің басты командасы биыл қандай оқиғаларды бастан кешіргеніне тоқталып өтті.
Бапкер таңдау
Құрамаға бас бапкерді қаңтар айында тағайындаймын деген Ерлан Қожағапанов көктемге дейін уақыт созып жүре берді. Құрама бас бапкерінің кандидаттығына шетелдік белгілі мамандар ғана енген. Бірақ даниялық Мортен Ольсен өз елінде қалуды жөн көрсе, француз Эрве Ренар африкалық кезекті құраманың тізгінін ұстады. Владимир Вайсс ұзақ уақыт бойы күтіп жүрді де, ақыры грузин футболшыларын жаттықтыратын болды. Артынша белгілі болғандай, құраманың бас бапкері қызметіне Қожағапанов Дженнаро Гаттузоны қойғысы келген. «Гаттузоның ҚФФ-мен келісім-шарты толығымен жасалып қойғаны соншалық, ол өз балаларын Астанада қай мектепке беретінін де біліп жүрді» - бұл италиялық маман мен ҚФФ арасындағы келіссөзде делдал болып жүрген Марко Трабуккидің сөзі. Бірақ Гаттузо «Пизамен» бірге Б Сериясына жолдама алып, Қазақстанның ұсынысынан бас тартты. Шетелден бапкер шақырып үлгермегендіктен құрама тізгіні Талғат Байсуфиновке берілді.