Комментатор болу үшін не істеу керек?
Комментатор болу үшін адам сәл де болса өзі жайлы ойлану керек. Менің шынымен де соған даусым жарай ма? Әңгіме айтысым, сөз саптауым келіңкірей ме деп? Әйтпесе, осылай талаптанып хабарласқан жігіттерді жай ғана дайындал, тағы да шыңдал деп жай ғана жылы сипап, қоя беретін әдетім бар. Бірақ, комментаторлыққа ешқандай талаптары келмейді. Ренжіткім келмейді. Ол да мен сияқты ауылда өскен қазақтың баласы шығар. Арманы комментатор болу шығар. Бірақ, қайтейін, айтып отырған әңгімесі келіспесе. Сөйлемдері бір-бірімен ұйыспаса.
Хабарласып жүрген жігіттерден ең алдымен сұрарым. "Абай жолы" деген романды оқыдыңыздар ма? Жоқ. Сонда Әуезовтың бұл кітабын оқымай, қалай журналис, тіл шебері болуға болады. Менің миыма сыймайды. Ең алдымен, "Абай жолын" түгел, төрт кітабын да тауысып алған дұрыс. Ол былай да былай керек дүние. Кітапты, қазақ тілінде жазылған романдарды оқымай, поэмаларды жаттамай, жақсы сөйлеу мүмкін емес. Қазіргі телевидениедегі ауыз-екі әңгіме көп адамға жаға бермейді. Ол жалпы дұрыс бағыт емес. Бәріміз сол тілде сөйлеп жүрміз экранның ар жағынан. Ол түбі жақсылыққа апармасы анық. Сөз мәйегін жоғалтпауымыз керек. Ол үшін қазіргі жастар соны ұмытпай, журналистикаға алып келуі тиіс.
Комментатор болудың бастауы осы деп білемін. Қалғаны ұзақ тақырып. Келесі бір де жаза отырармын. Рахмет!