Ауыр атлеттеріміз кімнің жолын кесті?

Ауыр атлеттеріміз кімнің жолын кесті?
Өткен аптаның соңында допинг дүрмегіне іліккен ауыр атлеттерімізге қатысты тағы бір шешім қабылданды.
 
Бұл жолы біздің біраздан бері көңілімізді күпті етіп келген күдігіміз шынға айналып, Халықаралық олимпиа­да комитеті (ХОК) Лондон Олимпиадасында чемпион атанған Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедова секілді үш бірдей зілтеміршімізді алтын медальдарынан айыру жөнінде шешім қабылдады. Содан кейін еліміздің ауыр атлетика құрамасының бас жаттықтырушысы Алексей Ниге жедел телефон шалдық. Бас бапкер арада екі олимпиялық цикл өтіп кеткеннен кейін бұл мәселені көтерудің неге керек болғанын түсіндіріп берді.
 
"Бұған менің өзім де түсіне алар емеспін. Осы жанжал бас­талғалы бері бұл сұрақты мен де өзіме талай мәрте қойып көрдім. Бірақ нақты да қисынды жауабын әлі тапқан жоқпын. Оны осы мәселеге қатысты кісілерге де қойып көрдім. Алайда, олар да көңілді орнына түсіретіндей уәж айта алмай келеді. Мұнда шынында түсініксіз жайттар көп. Бір ғана нәрсе айқын, әлдекімдерге Олимпиада тарихын қайта жазып шығу керек болғанға ұқсайды. Әйтпесе, Бейжіңде де, Лондонда да спортшыларымыз жарыстың алды мен соңында әбден тексеруден өткен. Ол кезде ештеңе табылмаған. Ал арада 8 жылдан астам уақыт өткенде, ол қалай аяқ астынан табыла кетеді? Маған бұл - барынша жұмбақ. Міне, осыны ұғынықты тілмен түсіндіріп бере алатын ешкім жоқ. Бірақ спортшыларды қарадай қаралайтын қатал шешім бар.
 
Ендеше, мұнда үлкен саясат қана жатуы мүмкін. Бір елдің ықпалды тұлғалары өздеріне сай­ыс­та бәсекелес бола алатын келесі елдердің белді спортшыларын осындай жолмен қатардан шыға­рып тастауды қолға алған сияқты. Оларға өздері емін-еркін шығып тұра алатын тұғыр керек. Ал таза текетіресте олар мұны жасай алмайды. Сондықтан қандай да бір қарау жолмен болсын, әлеуетті қарсыластарына қара күйе жағып бағуға тырысады. Бұл жолда ондайлар ештеңеден шімірікпейді. Әйтпесе, жап-жас Илья Ильин, мысалы, 2008 жылы Қытай астанасында айды аспаннан бір-ақ шығарған кезде бұлар қайда қалған? Неге бірден су бетіне қалқытып шығара қоймады? Содан кейін Альбион жерінде екінші рет жұлдыз болып жанған шағында неге дабыл қақпаған? Себебі, ол пәйтте бұлардың қол­дарында ештеңе де болмаған. Қазір де жоқ. Бірақ Ильяның Риода үшінші рет өздеріне енші бере қоймасын сезгеннен кейін дереу «жоқтан бар» жасайтын тірлікке ұрынып, осындай қиям­пұрыстықтарға барып отыр", - дейді Ни мырза. 
Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или