«Астана» - Еуропа лигасының топтық кезеңінде

Белорусьтің Борисов қаласында жергілікті БАТЭ мен қазақстандық «Астана» Еуропа лигасының плэй-офф кезеңі аясында қарымта матч өткізді.

Бір апта бұрын «Астана Аренада» өткен алғашқы ойын елордалық команданың пайдасына 2:0 есебімен аяқталған. Сондықтан БАТЭ ойыншыларына бұл ойында кем дегенде жауапсыз үш гол соғу қажет болатын.

Бірінші тайм алаң иелерінің пайдасында қалды. Елордалықтар қорғаныста жиі қателесіп, нәтижесінде белорусьтіктер бірнеше қауіпті соққы бағыттады. 10-минутта Мирко Иванич «Астананың» қорғанысын бұзып өтіп, Александр Мокинмен бірге-бір шықты. Абырой болғанда, алаң иелерінің ойыншысы алыс бұрышты дәл көздей алмады. Араға төрт минут салып, астаналықтар Патрик Твумасидің соққысымен жауап қатты. Бірақ оның алыс бұрышқа жасаған соққысын Артем Сороко кері қайтара алды. Таймның ортасына таман БАТЭ-нің қарқыны төмендеп, «Астана» допқа иелік ете бастады. Бірақ 28-минутта алаң иелері өздеріне ауадай қажет голды соқты. Михаил Гардейчук айып алаңына енер тұста допты тоқтатып алып, бірден соққы жасады - Мокин шарасыз қалды. Командалар үзіліске осы есеппен кетті.

Екінші тайм астаналықтар үшін сәтті басталды. 50-минутта Серікжан Мұжықов допты бұрыштан әуелеткен. Екінші қабаттағы таласта Неманья Максимович жоғары секіріп, допты қақпада тулатты - 1:1. Енді алаң иелеріне жауапсыз үш гол тоғыту қажет еді. Сондықтан Александр Ермакович шәкірттері алға ұмтылып, Мокинді бірнеше мәрте мазалап үлгерді. Бірақ Александр сәт сайын сенімді өнер көрсетті. Ал 76-минутта қонақтар Сороко қақпасына тағы бір гол соғып, алаң иелерінің жағдайын тым қиындатып тастады. Бас төреші Тони Шапрон БАТЭ қақпасына жақын жерден айып соққысын белгіледі. Твумасидің тепкен добы тосқауылдан өтіп, жақын бұрышқа еніп кетті. Алаң иелеріне бұл аз болғандай, 82-минутта он ойыншымен қалды - француз төрешісі Алексей Риосқа тікелей қызыл қағаз көретті. Ойын аяқталар тұста Шапрон «Астана» қақпасына пенальти белгіледі - нүктеге келген Игорь Стасевич мүлт кетпеді. Қорытынды есеп - 2:2. Қос ойынның нәтижесі - 4:2, «Астана» БАТЭ-ні жарыс жолынан шығарып тастады.

Осылайша, Станимир Стойлов шәкірттері қатарынан екінші маусым еурокубоктың топтық кезеңінде өнер көрсетеді. Демек, бізді алда еурокубоктың тартысты алты матчы күтіп тұр деген сөз.

Еуропа лигасы. Плэй-офф кезеңі. Бірінші матч - 0:2.

БАТЭ (Борисов, Беларусь) — «Астана» (Астана, Қазақстан) 2:2 (1:0)

Голдар: Гордейчук 27 (1:0), Максимович 50 (1:1), Твумаси 76 (1:2), Стасевич пенальтиден 89 (2:2)

Ескертулер: Родионов 48, Кендыш 75, Стасевич 81 — Максимович 34, Мокин 71, Мұжықов 85, Шомко 90

Алаңнан қуылды: Риос 82

БАТЭ: Сороко, Гайдучик, Иванич, Жавнерчик, Риос, Родионов (Пикк 86), Стасевич, Поляков, Володько (Сигневич 55), Гордейчук (Мозолевский 73), Кендыш

«Астана»: Мокин, Аничич, Максимович, Мұжықов (Тағыберген 85), Нұрғалиев (Бейсебеков 46), Шитов, Твумаси, Логвиненко (Малый 46), Кабананга, Шомко, Каньяс

Бас төреші: Тони Шапрон (Франция)

25 тамыз. Борисов. «Борисов-Арена».

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или